Fly Arystan Астана – Анкара рейстерін ашады

Fly Arystan әуе компаниясы 23 мамырдан бастап Қазақстан мен Түркия астаналары арасында рейстерді іске қосады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитеті қазақстандық әуе компанияларымен бірлесіп халықаралық рейстер санын ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

2023 жылғы 23 мамырдан бастап Fly Arystan компаниясы аптасына екі рейс жиілігімен (сейсенбі, сенбі) Астана – Анкара бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін ашуды жоспарлап отыр, — делінген хабарламада.

Жолаушыларды Airbus-320 типті әуе кемелері тасымалдайды.

Рейстер санының артуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, — делінген хабарламада.