16 мамырда негізгі ҰБТ-2023 басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген.
Оның ішінде тапсырушылардың 75%-і қазақ тілінде, 25%-і орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада орналасқан тестілеу орталығына барып, ҰБТ-ның өту барысымен танысты.
Биылдан бастап біз барлық талапкерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге байланысты ерекше мүмкіндік беріп отырмыз. Енді негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтиже бойынша грант конкурсына қатыса алады, — деді Саясат Нұрбек тестілеуге келген түлектерге.
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.