Орталық Азиядағы цифрлық құқық жағдайы әлі күнге дейін нашар. Бұл туралы сарапшылар Алматыда өткен жыл сайынғы XIV «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы – InternetCA-2023» форумында айтты.
Биылғы форумның тақырыбы — Орталық Азия елдеріндегі цифрлық құқық және оған қатысты проблемалар, интернетте сөз еркіндігін құру мәселесі және жасанды интеллектіні дамытудың келешегі мен тәуекелі. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина, Грузия, Молдова, Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Ресей, Чехия, Германия, Босния және Герцеговина сияқты елдердің цифрлық құқықтар, фактчекиң, медиасауат, сөз еркіндігі және адам құқықтары, үгіт-насихатқа қарсы күрес саласындағы сарапшылары қатысты.
Форумда алғашқылардың бірі болып «Ашық қоғам» қоры бағдарламаларының жетекші менеджері Мариана Мас сөйледі. Оның айтуынша, Орталық Азиядағы цифрлық құқық жағдайы нашар және әлі шешілуге тиіс кейбір жаһандық проблема бар.
Үкіметтер цифрлық технология, соның ішінде шпион бағдарлама және кейінгі технологиялар арқылы қарсыластарына тыңшылық жасайды. Мұны олардың үнін өшіру үшін пайдаланады, маңызды оқиға болып жатқанда интернетті бұғаттап тастайды, — деді Мариана Мас.
Орталық Азияның әр мемлекетінен келген спикерлер өз еліндегі цифрлық құқыққа қатысты мәселелерге тоқталды. Сарапшы Игорь Братцевтің айтуынша, Қаңтар оқиғасында қазақстандықтардың цифрлық құқығы ескерілмеді.
Қаңтар оқиғасында интернет өшірілді, адамдар ақпарат алу мүмкіндігінен айырылды. Теледидарда бірнеше арна ғана көрсетті, президент сол жақта эфирге шығып отырды. Дегенмен қазір көп адамның теледидар көрмейтіні, тіпті үйінде ол құрылғының жоқ екені ескерілмеді. Сөйтіп құқығы тағы бір мәрте бұзылды, — деді MediaNet халықаралық журналистика орталығының эксперті Игорь Братцев.
«Интернетті қорғау қоғамы» коммерциялық емес ұйымының директоры Михаил Климарев интернетті бұғаттау тек адамның құқығын бұзып қоймай, елдің экономикасына да көп шығын әкелетінін айтады.
Қаңтар оқиғасында Қазақстан төрт күнге интернетті өшіргені үшін 138 68 892 811 теңгеге шығындалды. Бұл ел экономикасына үлкен соққы, — дейді Михаил Климарев.
Қаңтар оқиғасында санаулы сайтқа ақпарат таратуға рұқсат берілді. Олар: Qazaqstan.kz, Tengrinews.kz, 24.kz, Baq.kz, Baigenews.kz және Stopfake.kz, Akorda.kz. «Internet Freedom» жобасының құқық қорғаушысы Елжан Қабышев мұндай «ақ тізімнің» болғаны дұрыс емес деп есептейді.
Біз осы мәселені зерттедік. Дәл осындай әдісті қолданатын елдердің тәжірибесін талдадық. Нәтижесінде оның сәтсіз екенін түсіндік. Үкіметке де сол зерттеу жұмысымен танысуды ұсынамыз, — дейді Елжан Қабышев.
Елдегі баспасөз еркіндігіне қарап, ондағы цифрлық құқық жағдайының қандай деңгейде екенін білуге болады. Сарапшылар Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінің 21-шығарылымындағы қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерінің жағдайы мәз емес екенін айтады. 180 ел қатысқан рейтиңде Қырғызстан 122-орында, Қазақстан 134-орында, Өзбекстан 137-орында, Тәжікстан 153-орында, Түркіменстан 176-орында тұр. Былтырға қарағанда Қазақстан 12 орынға, Қырғызстан 50 позицияға, Өзбекстан төрт орынға төмендеген.
Kaktus.media сайтының бас редакторы Наталья Темирбаеваның айтуынша, Қырғызстандағы цифрлық құқықтың нашарлауы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына зиянын тигізіп отыр. Мәселен, жақында Қырғызстан соты Азаттықтың қырғыз қызметінің медиа ретіндегі жұмысын тоқтатқан.
Қырғызстанда наразылық көп болады, соған қарамастан медианы бұғаттау сияқты құқықбұзушылық азаяр емес, — дейді Наталья Темирбаева.
Өзбекстанда да цифрлық құқық толық орнамаған болып шықты. Дегенмен бұл елдегі қуанышты хабардың бірі — Factcheсknet.uz деген фактчекиң сайтының ашылуы. Өзбекстаннан келген сарапшылардың айтуынша, енді олар елдегі үгіт-насихатты, ресми өкілдердің уәдесін, медиа мен әлеуметтік желілерде тараған жаңалықты тексеріп, халыққа нақты әрі тексерілген ақпарат ұсынады.
Форумда Түркіменстандағы жағдай да айтылды. Цифрлық құқық бойынша сарапшы Рустам Мухамедовтың айтуынша, Түркіменстанда әлі күнге дейін адамдардың хабарламасы, медианың жұмысы тексеріледі, президентті «жамандаған» адам бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өкінішке қарай, үкімет «медианың міндеті — елдегі жақсы жаңалықтарды жазу, тарату» деп ойлайды, — дейді Рустам Мухамедов.
Сонымен қатар сарапшылар цифрлық құқық проблемалары Украинадағы соғыс туралы дұрыс ақпарат алуға да кесірін тигізіп отырғанын айтып өтті. Іс-шарада мамандар Орталық Азиядағы цифрлық құқық мәселесіне жеке-жеке тоқталып, оған жіті мән беру керек екенін баса айтты.