Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау шараларын өткізуге ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.
Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша, мектептерде оқу мерзімі 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады.
Мектептер салтанатты шара өткізу туралы шешімді де өздері дербес қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырау өткізуге қатысты барлық мектеп дәстүрлерін қолдайды. Сонымен қатар министрліктің нормативті құжаттарында мұндай шаралар бұрын болмаған және қазір де жоқ екенін атап өтсем деймін, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, биыл 288 мыңнан астам түлек 9-класты тәмамдағалы отыр.
Биыл 18 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтайды. Бұл ұйымдарда биылғы оқу жылында 5 миллионнан астам оқушылар мен тәрбиеленушілер білім, тәрбие алды. Биыл 288 мыңнан астам түлек 9-класты аяқтап жатыр, олар алдағы уақытта 10-класты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. 11-класты барлық меншік түріндегі мектептер бойынша 172 мыңнан астам түлек бітіріп жатыр. Олар енді болашақ мамандықтарын таңдайды, — деді Шолпан Каринова.