Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта 2029 жылға қарай шағын және орта бизнес саласындағы жұмыскерлердің санын 4,7 млн адамға дейін жеткізу шаралары қаралды.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, 2022 жылы отандық бизнес қарқынды дамып жатыр: экономикадағы ШОБ үлесі 36%-ға (+2,5%), жұмыс істеп тұрған нысандар саны 1,8 млн-ға (+ 22%), ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 4,1 млн адамға (+16%) жетті.
Ал облыстар бойынша 2022 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысына сәйкес ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны Алматы (26%), Астана (15%) қалаларында, Түркістан облысында және Шымкентте (16%), Қызылорда облысында (14%) ең жоғары өсім көрсеткен.
Сонымен қатар ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санының өсуі бойынша ең төменгі көрсеткіш Павлодар (0,3%), Солтүстік Қазақстан (1%) және Қостанай (2,6%) облыстарында тіркелді.
2022 жылы жалпы 990 млрд теңгеден асатын несиеге 24,5 мың жоба қаржыландырды, ал төленген субсидиялар 181 млрд теңгеден асты.
Шағын және микрокәсіпкерлік нысандарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 3 млрд теңгеден астам 834 грант берілді. Ал 41 жобаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізуге 18,3 млрд теңге бөлінді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың айтуынша, қалалар мен аудандарда тұратын әрбір 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырма орындалып жатыр. Қазіргі таңда тапсырма 25%-дан астап орыналды.
2023 жылдың басынан бері 86 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Оның басым бөлігіТүркістан және Алматы облыстарында орналасқан. Ал қалған өңірлерде жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында 363 мың адам жеке кәсіпкерлік нысандарында жұмыспен қамтылды. Осылайша, барлық өңірде көрсеткіш асыра орындалды.
Онымен қоса жастарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен өтеусіз мемлекеттік грант пен шағын несие беру жоспар бар екен. Бұған 41 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша 14,8 мың кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Ал олардың көбі өз бизнес-идеясын жүзеге асыруға алғаш рет мүмкіндік алады.
Премьер-Министр Үкіметке 2025 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға дейін жеткізу керек екенін еске салды.
Бұл экономика дамуын тұрақты етуге және халықтың табысын арттыруға елеулі үлес қосады. Бүгінгі таңда өсу қарқыны республика бойынша 16% болса, кейбір аймақтарда көрсеткіш – тек 1-3% деңгейінде. Бұл мәселеге баса назар аудару керек. Жалпы көптеген дамыған мемлекетте экономикаға негізгі үлес қосушы шағын және орта бизнес болып келеді. Біз осыған ұмтылып, бұл орайда тиісті шараларды қабылдауымыз керек, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, бизнес ашу және оны жүргізуге тиімді жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу аса маңызды. Мәселен, жол, электр энергиясы, су, жылумен жабдықтау сияқты бизнеске қажет инфрақұрылым мәселелерін уақытылы шешу керек. Бизнесті кеңейту жұмыс орындарының санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Экономика қажеттіліктерін өтеу үшін кадрлар даярлау да жоспарланып жатыр. Оған қоса «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру тиімділігін арттыру және бизнесті «көлеңкеден» шығару жөнінде пәрменді шаралар қабылдау талап етіледі.
Шағын бизнеске салық жүктемесін азайту және қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорынан салық төлеуді жеңілдету үшін биылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай төлем және бөлшек салық режимдері енгізілді. Бұл салық режимдері де шағын және орта бизнес нысандарында жұмыспен қамтылғандар санын арттыруға ықпал ететін болады, — деді Әлихан Смайылов.