Кездесуге 30-ға жуық кәсіпорын басшылары қатысты. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясы хабарлады.
Іс-шарада Жаңаөзен аумағында бірқатар тауар өндірісі мен қызмет түрін дамыту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар аймақтың қажеттіктерін анықтап, онымен айналысатын арнайы шағын топ құру туралы шешім қабылданды.
Кездесуге «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры Нұрдәулет Қилыбай, Жаңаөзен қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Акикат Шарапатдинов, жергілікті атқарушы орган өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.
Дәулетжан Хасановтың айтуынша, талдау барысында «Өзенмұнайгаз» компаниясының сатып алу қызметінде келешекте отандық өндірушілер жеткізе алатын тауар мен қызмет түрлерінің бар екені анықталды.
Бұл іс-шара өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге және жергілікті тауарлар мен қызметтерді дамытуға ықпал етеді, — деді жұмыс тобының жетекшісі.
Хабарламада бүгінде қала кәсіпкерлері ысырмаларды жөндеу, шыныпластик құбырларды жөндеу, гидравликалық кілтті жалға алу және металл сынықтарын радиациядан тазарту сияқты қызметтерді дамыту бойынша жобаларды қолға алғаны айтылды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жаңаөзен қаласындағы «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясы тендерден ұтылып, енді бәрі жұмыссыз қалған. Жұмыссыз қалғандар 10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігінің алдында түнеп шықты. Одан соң Жаңаөзенде аштық жариялаған тұрғындарға бос жұмыс орындары ұсынылды.
