Қазақ халқы итті жеті қазынаның бірі деп ерекше бағалаған. Ит — ежелден аңшының серігі, адамның досы. Ғасырлар бойы адам мен иттің арасында айрықша қарым-қатынас орнады. Қазір итті арнайы тәрбиелейтін мамандар бар. Кинолог Алмас Жапаров ит адамның ішкі жан дүниесін қаншалық сезетінін және иттердің мінезі туралы айтып берді.
Кинологтың қызметі қандай?
Алмас Жапаров 10 жылдан бері кинолог, зоопсихолог болып істейді. Бұл мамандықты тәжірибесі мол кинологтардан бес жыл бойы үйренген. Оның айтуынша, кинолог итті дұрыс тәрбиелеу үшін керек.
Кинолог болу үшін Алматыда арнайы кинология клубтарына баруға болады. Олардың қатарында К-9 және Қазақстан кинологтар одағы бар.
Бүгінгі репортажға Прада деген итімен келді. Прада — неміс овчаркасы. Басында бізден жатырқап жүрді. Репортажымыздың соңында Алмас мырза Прадаға түрлі бұйрық беріп, оны иті қалай орындайтынын көрсетті. Бұл туралы сәлден кейін оқисыз.
Кинологтың айтуынша, иттердің бес сезім мүшесі (көру, есту, дәм сезу, иіс сезу және сипау) адамдарға қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған. Сондықтан олардың ішкі түйсігі де жоғары болады.
Иттердің өткен уақыт, болашақ деген түсінігі жоқ. Олар тіпті бүгінгі күнмен емес, дәл қазіргі сәтте өмір сүреді. Сонымен қатар олар адам сияқты ой ойламайды, шынайы эмоциямен, көңілмен және сезіммен ғана жүреді. Сол үшін эмоция — иттің коммуникациясының басты құралы, — дейді Алмас Жапаров.
Иттер әр эмоцияны әрқалай көрсетеді. Ашуланғанда көзі бақырайып кетеді. Жүні үрпиіп, құйрығы жоғары көтеріліп, денесі тырысып тұрады. Ал көңілі көтеріңкі болса, еркелегісі келсе, құйрығын бұлғаңдатады. Қорқып тұрған ит құйрығын екі бұтының арасына қысып, құлағын артқа тартып, көзін сығырайтады немесе жұмады.
Иттер адамды жақсы, жаман деп бөле ме?
Бір қызығы, иттер адамды жақсы, жаман деп бөлмейді. Адам итке я ұнайды, я ұнамайды. Кісі өлтірген адамды да ұнатуы мүмкін. Мәселен итті жақсы көрген адамды ит жақсы көреді. Бірақ олардың мінезі, бауыр басу процесі әрқалай болатынын ескеру керек, — дейді кинолог.
Сол себепті барлық ит адамды бірден ұната бермейді. Біреуіне уақыт керек, екіншісін тамақпен алдап адамға үйрету қажет. Бөтен адам итке жақсы ниетпен жақындаса да, ол қорыққанынан агрессия көрсетуі мүмкін.
Кинологтың айтуынша, ит адамды ұнатып тұрса, құйрығын бұлғаңдатып, жүзі жайнап кетеді. Кейде адамға өзі барып ойнауы мүмкін. Ал адамды жақтырмаса, құйрығын түсіріп, бірқалыпты ұстайды. Көзін бақырайтып, азуын көрсетіп, жүнін үрпитеді. Әлгі адамды танып тұрса да, байқамағандай болып жүре беруі мүмкін.
Иттер қорқынышты бірден сезеді. Ал иттен қорқатын адамдар эмоциясын білдіріп қояды: итке қарамауға тырысады, тіпті қорқып тұрғанын қимылымен көрсетеді. Ит адамның неден қорқып тұрғанын білмейді. Содан қорқақ ит одан сайын қорқып қашады, ал батыл ит шабуыл жасауы мүмкін. Иттер адамның мимикасын, дене қимылын тума түйсіктері арқасында жақсы біледі, — дейді маман.
Кинолог әдетте ит жанынан өтіп кеткен адамды байқамайтынын айтады. Адам итті шақырып еркелетсе, мінезіне қарай ит қандай да бір реакция көрсетеді.
Иттің адамға бауыр басу процесі оның тәрбиесіне ғана емес, тұқымына да байланысты. Мысалы, лабрадорлар өте ақкөңіл, сондықтан адам жатырқамайды, — дейді Алмас Жапаров.
Қандай иттер адамға шаппайды?
Иттер тұқымы бойынша бірнеше топқа бөлінеді: күзет, аңшы, қойшы және тағы басқа.
Күзет иттері – неміс овчаркасы, ротвейлер, доберман, чихуахуа. Бұл иттер тез ызаланады, сондықтан адамның бәрімен бірдей тіл табыса алмайды. Адамға үйренуі үшін біраз уақыт керек.
Эмоцияға тез беріліп кететін ойынқұмар иттер де болады. Олар көрінген нәрсеге алданады, зейіні тұрақты емес. Ондай иттерге хаски, далматинец, француз бульдогы, джек-рассел-терьер жатады.
Аңшы иттер – йоркшир терьері, тазы. Бұл иттер адамды жақсы көреді, оларға шаппайды. Аң аулауға бейімделгеннен соң аңға, басқа итке шабуыл жасауы мүмкін.
Ал қойшы итке алабайлар жатады. Олар малды бағып, қорғап жүреді. Негізі тазы да, алабай да адамға шаппайды.
Иттің мінезін қалай байқауға болады?
Зоопсихологтың айтуынша, иттердің мінезі 1,5 айынан бастап байқалады. Жалқау иттер күшік кезінен көп жатады, қимылы аз. Қорқақ иттер бөтен адамды көрсе қашып, тығылып жүреді. Ал ызақор иттер жанындағы күшіктермен төбелеске құмар болады.
Адам иттің жуас болып, басқа адамдармен тез тіл табысқанын қаласа, оны күшік кезінен дұрыс тәрбиелеуі керек. Мәселен, өзінің итін бөтен адамға жолатпаса, өскенде ол қорқақтау болады. Қорыққанын агрессиямен көрсетіп, адамға шабуы мүмкін, — дейді маман.
Ал ит тек адамдарды көріп өссе, өзге иттерге жоламайды. Иттің өзін қалай ұстайтыны оның болмысы мен тәрбиесіне байланысты. Күшік кезінен тәрбиелемесе, оның болмысы басым болып, адамды тыңдамай, жабайыланып кетеді.
Иттердің бір ерекшелігі сол, олар иесіне кешірімді болады. Иесі ренжітсе, оны бірнеше рет кешіреді. Бірақ ырылдап, азуын көрсетіп, адамға ескерту жасайды. Ал адам оны түсінбей, уақыт өте келе одан әрі ренжіте берсе, соңында ит иесін тістеп алу мүмкін.
Көзіміз Алмас мырзаның қолындағы тыртыққа түсіп кетті. Алабайдың күшігі тістеп, терісін жыртып, тыртық қалдырған екен. Бірақ бұл алабайды ренжіткеннен болмаған.
Бұл оқиға былтыр жазда болды. Бір жастағы алабайды үйрету үшін барғанмын. Оны иесі дұрыс тәрбиелемей, шынжырлап ұстапты. Содан ит жанына ешкімді жолатпайды. Алабайлардың денесі ірі, өзі күшті болады. Жаттығу кезінде шынжырдан босап шығып, қолыма жармасты. Сүйекке зақым тиген жоқ, бірақ жыртылған теріні тігуге тура келді, — дейді Алмас Жапаров.
Кинологтар иттің иесіне қалай көмектеседі?
Кинологтар бірінші итті емес, оның иесін үйретеді. Итпен қарым-қатынас орнатуды, оған бұйрық орындауды қалай үйрету керек екенін түсіндіреді.
Алмас мырза мұндай итті тәрбелеуге арналған курс өткізеді. Мұндай курс бес апта болады. Апта сайын негізгі бір бұйрық үйретіледі. Сосын иесі әлгі бұйрықтарды итіне айтады, ал кинолог осы сәтті қадағалап тұрады.
Оның ішіне «отыр», «тұр», «жат», «қасыма кел», «жанымда жүр» деген бұйрықтар бар. Курс кезінде итті қоршаған ортаға, адамдарға үйретеміз. Тәрбиеге көнбейтін, тыңдамайтын иттерге көбірек уақыт бөлу керек. Бір сабақ 30-40 минут болады. Итке бұйрықты орындауды оны тамаққа немесе ойыншыққа алдандырып үйретеміз, — дейді кинолог.
Алмас мырза Прада деген иті арқылы негізгі бұйрықтарды көрсетті. Прада басында бізді жатырқап, құлағын артқа тартып жүрді.
Прада екі жаста, тамақтан гөрі ойыншықты жақсы көреді екен. Сол себепті Алмас мырза итін ойыншық арқылы тәрбиелеген.
Прада «отыр» деген бұйрықты орындап жатыр.
Кейін иттің назары тек ойыншық пен иесіне ауып, бізге аса мән бермеді.
Прада «алып кел» деген бұйрықты ары-бері жүгіріп, ойнақы көңіл күймен орындады.
Прада «қасымда тұр» деген бұйрықты оңай жасағанын байқадық. Сүйікті ойыншығын айналшықтап шықпайды, көзінен таса қылмас үшін иесі айтқан бұйрықтың бәрін орындауға бар.
Бірақ «орныңа бар» деген бұйрықты орындау оңай болған жоқ. Бұл бұйрықты беру үшін Алмас мырза Праданың қарғы бауын сәл ары қойды да, итке сол жерге баруды бұйырды.
Бірақ Алмас мырза итінің үйреншікті қарғы бауын емес, басқасын алып шығыпты. Содан ит қарғы бауы тұрған жерді таппай, сасқалақтап қалды. Біраз іздегеннен кейін барып бұйрықты сәтті орынап, қарғы бауының жанына тұра қалды.