Елімізде жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта қаралады

4%-пен автонесие алған адамдардың аты-жөні жариялануы мүмкін. Бұл туралы үкімет отырысынан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.

Автонесие бойынша екі мәселе бар. Біріншіден, әр айда қайтарылған ақша есебінен қосымша тағы автонесие береміз. Бірақ айына шамамен бір миллиард теңге қайтарылып отыр. Бұл 100 машинаға жетеді. Ал енді осы уақытқа дейін револьверлік жүйе бойынша 4 миллиард теңгедей ақша қайтарылды. Ол ең көп дегенде шамамен 400 машинаға жетеді. Біздің ойымыз, револьверлік жүйеден 500-ден астам көлікке жететін, яғни 5 миллиард теңгедей ақша қайтарылғанда ғана тағы жариялаймыз деп отырмыз, — деді Марат Қарабаев.

Сонымен қатар министр автонесие жүйесін қайта қарау жоспарланып отырғанын айтты.

Бірнеше мәселе бар. Біріншісі, автонесие алған адамдардың аты-жөнін жариялау. Бағдарламаға өзгеріс енгізіліп жатыр. Екіншісі, осы уақытқа дейін көлікке бастапқы жарна төлеу қажет емес еді. Оны қайтарамыз ба деп отырмыз. Яғни 10%-ке дейін бастапқы ақша төлеу механизмін енгізу қарастырылып жатыр, — деді ведомство басшысы.