2 мамыр — Халықаралық Хәрри Поттер күні. Кітап желісі бойынша, дәл осы күнгі шайқаста Хәрри қаскөй Лорд Волдемортты өлтіріп, Хогуартс мектебін оның қараңғы күшінен қорғап қалған. Әлемдік бестселлерге айналған Жоан Роулиңнің Хәрри Поттер туралы оқиғалар жинағын сүйіп оқитын адамдар үшін бұл — атаулы дата.
Осыған орай, Baribar.kz Хәрри Поттер хикаяларын қазақша оқитын поттержандармен әңгімелесті. Олар Хәрри әлемі өміріне қалай әсер еткенін, кітаптың қоғамға маңызын және поттербастар қауымдастығын құру туралы айтып берді.
Хәрри әлемі 10 жастағы Зейнепке қалай көмектесті?
Алматылық Зейнеп Жарқынқызы Хәрри әлемімен алты жасында, 1-класқа барғанда танысқан. Қазір жасы 10-да. Осы уақыт аралығында «Хәрри Поттер оқиғалары» жинағының барлық жеті бөлімінің қазақшасын оқып шыққан.
«Ең әуелі анам оқып, кітапты ұнатқан. Кейін маған ұсынды. Жазу-сызуды енді үйреніп жүрген бала болғандықтан, басында кітапты оқу қиын болды. Дегенмен кітапқа қызыққаным соншалық, тез үйреніп кеттім. Тілі қарапайым әрі түсінікті екен», — дейді Зейнеп.
Зейнептің ең сүйікті бөлімі — «Хәрри Поттер және Шалақан ханзада». Ал сүйікті кейіпкері — Хәрмиона Грейнжер. Өзінің айтуына қарағанда, таныстары оны Хәрмионаға ұқсатады. Зейнеп те кейіпкер сияқты мектепте белсенді оқушы, сабақты да жақсы оқиды, ісі тиянақты, барлық жерде тәртіп болғанын қалайды.
Хәрмиона Хәрри мен Ронға үнемі үй жұмысын орындауға көмектесіп жүреді. Мен де дәл солай істеймін, — дейді поттержан.
Зейнеп Хәрмиона сияқты кластастарына көмектессе, Зейнепке Хәрри әлемі көмектескен. Ол бұл кітап өзін біраз жақсы қасиетке баулығанын айтады. Мысалы, ешкімнен қысылмай, қиялына ерік беруді, еркін болуды, ойын іште бүгіп қалмай айтуды үйренген.
Фантастика жанры ұнайды. Ол жерде қалауыңша қиялдауға, ойыңдағы затты істеуге мүмкіндік бар. Мысалы, сыпыртқымен ұшуға, сиқыр жасауға болады. Кітапты оқығанда Хәрри, Хәрмиона мен Рон құдды менің достарым сияқты көрінді. Өзімді олардың жанында жүргендей сезіндім. Үшеуі нағыз достықты көрсетті. Оған қоса әр істеген ісіме жауапты екенімді ұқтым. Кез келген нәрсені жасамас бұрын ойланатын болдым, — дейді ол.
Зейнеп бала мен жасөспірімнің бәріне Хәрри Поттер оқиғаларын оқуға кеңес береді. Ал өзі фильмнің қазақшасы шыққанын қалайды, асыға күтеді.
Саят Хәрри Поттерге қатысты арманын қалай орындады?
Ал 30 жастағы поттержан Саят Мұхамедиярдың оқиғасы мүлдем ерекше. Зейнептей кезінде ауылда көрші баланың бір кітапты оқып отырғанын көреді. Кітап оқуды енді ғана әдетке айналдыра бастаған бала Саят үшін әлгі кітап ерекше көрінеді. Сөйтіп ол көрші досынан сұрап, кезектесіп оқиды. Сондағы оның оқығаны — дәл осы Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер оқиғалары» жинағы.
«Бұл кітап 1997 жылы жарық көрді. 2000-жылдары елімізге орысшасы жетті. Көрші бала Елдосқа Алматыдағы туыстары беріп жіберетін, ол оқып біткен соң, одан алып мен оқитынмын. Бас кейіпкер өзіммен жасты бала болғандықтан оны жақын тартқан сияқтымын. Елдостан сұрап, үш бөлімін оқыдым. Кейін ол көшіп кетті. Ал мен Аягөзде Хәрри Поттерға деген сүйіспеншілігіммен қалып қойдым», — дейді Саят Мұхамедияр.
Дегенмен Саят бұл кітапты аудандық кітапханаға да әкелетінін естіген. Ол жинақтың жаңа бөлімі келген сайын кітапханада түн күзетіп, көз майы таусылғанша оқығанын айтады. Осы күнге дейін Саят Хәрри Поттер хикаясының бәрін бірнеше мәрте оқыған, фильмін де көрген, фанфик кітаптарды да оқып шыққан (Фанфик — фанаттардың оқиға желісін өзгертіп жазған кітабы. Мысалы, «Хәрри Гриффиндор емес, Слизерин факультетіне түссе, қалай болар еді?» деген сияқты — ред.).
Хәрри оқиғаларын ұзақ уақыт көріспеген ескі доспен қауышқандай болып оқитынмын. Бірақ мен тұрған өлке — Аягөз тұрғынының көбі қазақша сөйлейтін. Мен де орыс тіліне шорқақ едім, сондықтан орысша кітап оқу қиынға соқты. Сиқырға қатысты сөздер одан да қиын. Интернет те жоқ, ал сөздің аудармасын сұрап үлкендерді қайта-қайта мазалауға ыңғайсыздандым. Сол кезде «Осындай кітаптың қазақшасы неге шықпайды?» деген ой, арман болды, — дейді поттербас.
Саят Мұхамедиярдың бала күнгі арманы орындалды. 2020 жылы Хәрри Поттер оқиғаларының қазақша нұсқасы жарық көрді. Ең қызығы, оны ағылшын тілінен қазақшаға аударғандардың бірі — Саяттың өзі.
Steppe & WORLD Publishing баспа үйінің негізін қалаған Раиса Сайранқызының Хәрри Поттер кітабын қазақшалауға аудармашылар мен редакторлар іздеп жатқан хабарламасын көріп қалып, қуанып кеттім. Өзім аудармашы мамандығын тәмамдадым, тәжірибем бар. Оған қоса Хәрри Поттер әлемін жақсы білемін. Оның үстіне, бала күнгі арманым еді, «неге көрмеске?» дедім. Сөйтіп Раиса апаймен сұхбатқа бардым. Ол мені аудармашылардың бірі етіп бекітті, — дейді Саят Мұхамедияр.
Хәрри Поттер әлемі қазақ қоғамына не үшін керек?
Саят Мұхамедиярдың айтуынша, Хәрри Поттер қазақшасы тұпнұсқадан аударылған әрі ағылшын тілі мен қазақ тілінің ерекшелігіне баса назар аударылған.
Хәгрид — мейірімді, бірақ 3-кластан соң мектептен шығып қалған сауатсыз кейіпкер. Кітапта оның мәнерін ерекше еткен, хатты қате-қате жазатынын көрсеткен. Дегенмен орысшасында бұл нәрсе аса байқалмайды. Ал ағылшыншадағыдай апостроф қана қойсақ, ол біздің аудиториямызға түсініксіз болар еді. Сол себепті мұндай жағдайларды барынша қазақыландыруға тырыстық, жергілікті диалектіні қолдандық, Оқырманға да түсінікті болды әрі түпнұсқадағы ойды жеткіздік, — дейді ол.
Аудармашы әрі поттержан ретінде Саят Хәрри Поттер оқиғалары тек балаларға арналған деу қате екенін айтады. Себебі бұл кітаптан ересектердің де түйері көп.
Балаларға арналған деген күннің өзінде ол қоғамға қажет. Себебі қазіргі бала — ел тізгінін ұстайтын ертеңгі ересек. Оның оқыған кітабы, алған білімі болашағына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар адам кез келген кітапты бала кезде оқыса басқаша, ересек кезде оқыса мүлдем басқа ой түйеді. Мысалы, Хәрри — жетім өскен бала, отбасы махаббатын көрмей өсті, апайы мен жездесі қатал болды. Махаббатқа зәру бала қайда барса да, достықты, жақын адамдарды іздейді. Қуанышына орай, мектепте жақсы достар таба алды. Бірақ кей мұғалімнің қаталдығынан именіп, солардың берген сабағына ынтасы ашылмады. Бұл жерден ересектердің, мұғалімдердің қарым-қатынасының балаға ықпалын көруге болады. Хәрри адамдарға кешірімді болуды да үйретеді. Мысалы, ондағы Сириус Блак деген кейіпкер нақақтан нақақ түрмеде 10 жыл отырады. Кейін қашып кетеді. Хәрри Сириус әкесін өлтірді деп ойлайды, дегенмен кейін қателескенін түсінеді. Хәрри қатесін түсініп, кешірімді болып, кезінде жек көрген адамын әкесіндей көре бастайды. Қысқасы, кез келген адам оқыса, өзіне керегін алады деп ойлаймын, — дейді Саят Мұхамедияр.
Дастанға Хәрри Поттерді оқу үшін неге 13 жыл қажет болды?
26 жастағы Дастан Аққожа да Хәрри Поттер туралы оқиғалар жинағын сүйіп оқиды. Хәрриді кішкентайынан білсе де, кітапты 19 жасында ғана қолына алған. Оның да себебі бар.
«Бала кезімде «фишка» ойнайтынмын. Бір «фишканың» көзілдірік таққан, қолында үкісі бар ілмиген бір баланың суреті тұратын. «Түрі онша емес екен» деп менсінбедім. Бес-алты жыл өткен соң теледидарда Поттер әлемі туралы көп айтылды, қызығы бастадым. Сол уақыттан бері поттержанмын. Негізі кітабының бар екенін бала кезімнен білетінмін, бірақ оны оқуға орысшам жетпейтін. Осы кітапты оқу үшін терлеп-тепшіп орыс тілін үйрендім. Орысша нұсқасын түсініп, аудармашысыз оқи аламын-ау дегенше 19-ға толдым», — дейді Дастан Аққожа.
Дастан Хәрри Поттер оқиғасында есею процесі ерекше ұнайтынын айтады. Тіпті өзінің де кейіпкерлермен бірге қалай есейгенін байқамай қалыпты.
Хәрри де, сен де баласың. Әр бөлімін оқыған сайын бірге есейесің, бірге өсесің. Сонымен қатар ондағы ең жылысы — сиқыр әлемі болса да, біздің әлемдегідей алғашқы махаббат, қинайтын емтихандар, миды ашытатын мұғалімдер, мектепті бітіру кеші сияқты сәттер де жылы. Оқып отырып «Қайда барсаң да, адамдар бір екен ғой» деген ой келеді. Оған қоса Хәрри әлемі адамдарға сырт көзбен қарауды үйретті. Себебі әр кейіпкердің біржақты емес екенін, оның өзгеретінін түсінесің. Ерке адамның ақылды, салақ-салғырт адамның данагөй бола алатынын ұғасың, — дейді поттербас.
Дастан Хәрри әлемін жақсы көретіні сонша, жылына бір-екі мәрте кітабын қайта оқып, фильмін көріп шығады екен. Тіпті бөлмесіндегі кітапханасында Хәрри Поттер оқиғаларының 35 кітабы бар. Оған қоса сиқырлы таяқша, мантия, төсбелгі, бетбелгі, Хәрри Поттер стиліндегі мойын орағыш пен шұлық, пальто сияқты түрлі атрибут пен киім-кешегі жетерлік.
Шетелде саяхаттап жүрсе де, өзіне және поттербас достарына Хәрриге қатысты сыйлық алуды ұмытпайды.
Лондонда басқа жұмыспен жүріп, Хәрри Поттерге қатысы бар екі жерге барып үлгердім. Біріншісі — Хәрридің екі бөлімі түсірілген Оксфорд университеті, екіншісі — Киңс-Кросс вокзалы. Біз қоныстанған жер осы вокзалдың жанында болды. Ал Хәрридің барлық хикаясы осы вокзалдан басталатын. Ол жерде Хәрри әлеміне қатысты заттарды сататын түрлі дүкен бар. Таңертең және кешке сол жерді араладық. Сапардан соң фильмнен осы орындарды көрген сайын «мен мына жерде болдым ғой» деп бойымды қуаныш кернейді, — дейді ол.
Қазақша оқитын Поттербастар қауымдастығының маңызы неде?
Дастанның Хәрри әлеміне деген ерекше ықыласын Хәрри Поттер оқиғаларын қазақшалаған Steppe&WORLD Publishing баспасының негізін қалаған Раиса Сайранқызы да байқаған. Содан ол кісі Дастанды баспаның ресми амбассадоры еткен. Дастанның айтуынша, Қазақстаның түкпір-түкпірінде Хәрри Поттерді қазақ тілінде оқитын поттербастар өте көп, сол себепті оның және баспаның ендігі мақсаты — Хәрри Поттерді қазақша оқитындардың басын біріктіріп, қауымдастық құру.
Мысалы, бір әке балаларына Хәрриді оқып беріп жүріп, өзі поттержан болып кеткен екен. Бір ауылда әжесі мен немересі Хәрри оқиғаларын сүйіп оқиды. Қауымдастық құруды қолға алғалы бұл әлемге қызығатындар, Хогуартсқа барғысы келетіндер тек Алматыда емес, Қазақстанның барлық аймағында бар екенін білдім, — дейді Дастан.
Қазір Дастан қазақша сөйлейтін поттербастар үшін жеке парақша ашып, контент жариялап жүр. Оған қоса олардың басын қосуға тырысып жүр. Мысалы, жақында Астанада 20 шақты Поттер жанкүйерлерімен кездескен. Олардың қатарында балалар да, ересектер де болған.
Онда қазақша Хәрри Поттердің ерекшеліктерін талдадық, кейін Хәрри әлеміне қатысты куиз ойнадық. Жиылғандар бір-бірімен танысып, нетуоркиң орнатты. Бір қызығы, олардың ішінде Хәрри әлемімен бірден қазақ тілінде танысқандар бар екен. Оларға қатты қызықтым, себебі олар Хәрри әлемінің есігін ашу үшін мен сияқты 13 жылын құртпады. Бұл — өте қуанышты жағдай, — дейді ол.
Дастан мұндай қауымдастықтың не себепті керек екенін айтып өтті.
Біріншіден, поп-мәдениет, түрлі феномен тек көңіл-көтеретін дүние емес. Олар адамдарға әлеуметтенуге, қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Мысалы, мен жейдеме Хәрридің төсбелгісін тағып жүрсем, бейтаныс адам келіп «О, сен гриффиндорлықсың ба?» деп әңгіме өрбітіп кете алады. Екіншіден, дүниежүзі адамдары талқылайтын құбылыстарды, феномендерді ана тіліңде ақпараттың жоғынан талдай алмайтының — өте өкінішті жағдай. Кітаптың қазақшаға аударылғаны, қауымдастықтың құрылуы — қазақ тілінде сөйлейтін адамдарға пікір алмасуға, бас біріктіруіне септігін тигізеді. Оған қоса ең бастысы, өзінің басқалармен тең құқыққа ие екенін сезінуі, білуі үшін де керек, — дейді ол.