Министрлік спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті

Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Біз әзірлеген ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда елімізде осы салаларды дамытудың жаңа бағытын айқындадық, бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға баса назар аудардық. Мысалы, 2029 жылға дейін жыл сайын еліміз бойынша 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуге ниеттіміз. Ал ауылдық жерлерде осы бағытты дамыту үшін ауылдағы спорт нұсқаушыларының саны 4 мыңға дейін ұлғаяды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады. Олардың арасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстар өтеді, — деді Асхат Оралов.

Халықтың белгілі бір тобы: ерекше қажеттіліктері бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, қаржы құрылымдары және т.б. арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.

Министрдің айтуынша, елімізде 113 жаңа спорт нысанын салу, 20-сын жаңарту және жұмыс істеп тұрған алты спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмысы жалғасады.

Ауылдық жерлерде шағын бюджетті жазықтық спорт құрылыстарына және модульдік үлгідегі аз шығынды, тез салынатын спорт кешендеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар министрлік жұмыс істеп тұрған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарына түгендеу жүргізеді. Бизнесті спорттық инфрақұрылым салуға ынталандыру жөніндегі шаралар әзірленеді. Мысалы, нысанды салу шығындарының бір бөлігін өтеу. 2025 жылы спорт мекемелері, командалар құрамы, жаттықтырушылар, төрешілер және спорттық іс-шаралар туралы мәліметтер жинауға арналған e-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр. 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу, 113 жаңа спорт нысанын салу, еліміз бойынша спорт инфрақұрылымдарын жаңарту және қайта жабдықтау, спорттық медицинаны дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларға ынталандыру төлемдері, саланы цифрландыру және тағы да басқа маңызды жобалар, — деді министр.