Бір-бірімен жарысып өмір сүретін әрі белгісіздік көп заманда күйзеліске түсу әп сәтте. Оған қоса сәл қиындық болса, адамдар өзіне депрессия диагнозын қойып алуы мүмкін. Психолог Гүлжан Амангелдиева психологиялық күйзелістердің түрін жіктеп, оларды қалай ажыратуға болатынын түсіндірді.

Эмоциялық қажу

Эмоциялық қажу (эмоциональное выгорание — ред.) көбіне жұмыстан, араласатын ортадан, күнде қайталанатын істерден шаршаудан басталады.

Оған қоса жұмыс мөлшері тым көп болса немесе бастықтарымен, әріптестерімен қарым-қатынасы бұзылса, адамның психикалық жағдайы біртіндеп нашарлайды. Шаршаған себебін ұйқының қанбағанына, қонақ күткеніне жауып, түрлі сылтау ойлап табады.

Проблеманы елемей, мойындамай жүре берсе, адам ақырындап ауыра бастайды. Өйткені кейде ағза күйзелісті ауру арқылы шығаруы мүмкін.

Эмоциялық қажудың төрт кезеңі болады:

  • адам шаршайды;
  • шаршағанын мойындамайды;
  • ауырады;
  • жүйкесі тозады.

Эмоциялық қажудың негізгі белгісі – ұйқыдан шаршап ояну. Сол үшін адам өз-өзімен көбірек сөйлесуі керек. Не ұнамайтынын анықтап, соны түзейтін әрекет қылуы керек. Жұмыс орны, әріптестер, қоршаған орта ұнамаса, оны ауыстыру қажет. Адам өзін түсіне алатын болса, бұл күйден психологтың көмегінсіз-ақ жылдам шыға алады. Эмоциялық қажу үш айдан алты айға дейін созылу мүмкін.

Эмоциялық қажу, белгілері
Эмоциялық қажығанның белгілері. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Апатия

Апатия – психосоматикалық жағдайдың бұзылуы. Апатия кезінде адам көбіне ешнәрсеге қызықпайды, ештеңе істегісі келмейді. Жақсы көретін ісімен айналысса да, ешқандай эмоция сезбейді.

Тіпті төсектен тұрмай жатып алады, ұйқыға бейім болады. Онымен қоса бұл күйде тәбет тартпайды, сөйлеу мәнері бұзылады. Апатиямен күреспесе, бұл күй қайталана беруі мүмкін.

Апатия кезінде нақты қолданатын шарт, ереже жоқ. Өйткені бәріміздің санамыз дара болғандықтан, күйзеліске түсу себебі де әртүрлі. Әуелі күйзелістің түбі неде жатқанын түсіну керек. Онымен қоса міндетті түрде ұйқыны жөндеп, спортпен айналысып, дұрыс тамақтану керек. Айналада негативке толтыратын адам болса, одан алшақ жүру қажет. Дегенмен адам мұндай жағдайда психологтан көмек сұрап, өз-өзімен жұмыс істегені жөн болар. Маман дұрыс диагнозды қойып анықтаса, бұл күйден арылу оңайырақ.

Апатия, белілері
Апатияның белілері. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Депрессия

Депрессия – күйзелістің ең ауыр күйі. Өйткені бұл психикалық саулықтың нашарлауы, ауытқуы. Адам депрессияға түскенде қалыпты өмірін сүре береді. Жұмысқа барады, достарымен кездеседі және тағы басқа.

Депрессияға шалдыққандар дәрігерлер себебін таба алмайтын, жазылмайтын аурумен аурыруы мүмкін. Депрессия кезінде адамның көңіл-күйі тез өзгереді. Жылап отырып кенеттен күліп, кейін басылып, одан кейін қайтадан жылауы мүмкін. Адамның осындай белгілері байқалса, жақындары оның жай-күйіне мән беруі керек.

Депрессия үш кезеңге бөлінеді: жеңіл, орташа және ауыр.

Депрессияның жеңіл түрінде адам қалыпты өмір сүре бергенімен, тез шаршап, көңіл-күйі түседі. Өмірдің мәні кеткендей сезінуі мүмкін.

Депрессияның орташа түрінде бұдан қиындау. Адам ауырып қап, жаыла алмай жүреді. Барлық нәрсеге өзін кінәлағыш боп кетеді.

Ал депрессияның ауыр түрі психикалық ауытқуға айналуы мүмкін. Мұндай күйге түскенде психиканың  құрылымы  өзгереді. Өлім туралы ой пайда болады. Адам өз-өзін, өмірдің мәнін толықтай жоғалтқандай сезінеді.

Депресия кезінде шұғыл түрде психологқа бару керек. Көп жағдайда маман дәрі-дәрмек ұсынуы мүмкін. Депрессия екі жылдан көпке созылса, созылмалы депрессияға айналады.

Апатия күйіндегідей депрессияның кез келген деңгейінде әуелі ұйқыны, тәбетті,  адамдармен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Психологтың көмегі мен спорт арқылы адам күйзелістен тезірек шығады.

Әрине, өмірде неше түрлі жағдай болады. Бірақ психикасы, ішкі жан дүниесі дұрыс адам мұңды күйден екі аптаның ішінде шығып, қалыпты өмірге оралуы қажет.

Ал осы айтылған күйдің бәрі екі аптадан асып кетсе, бұл үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

Депрессия, белгілері
Депрессияның белгілері. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Тағы оқыңыз:

Жеке тұлғаға кері ықпалы бар 5 таптаурын түсінік. Психолог пайымы