Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Астанада Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Істі қарау барысында прокурор айыпталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Гүлмира Сатыбалдыны қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі, 28-бабы 3-бөлігі және 125-бабы 2-бөлігі 1,8-тармағында қаралған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша – алты жылға бас бостандығынан айыру, 28-баптың 3-бөлігі және 125-баптың 2-бөлігі 1,8-тармағы бойынша – мүлкінен айырусыз сегіз жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде неғұрлым қатаң жаза, яғни Сатыбалдының мүлкін тәркілеусіз сегіз жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын, — деді прокурор Азамат Сәрсембаев.

Сонымен қатар прокурор Гүлмира Сатыбалды жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыда өтеуін сұрады.

Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды бизнесті басып алудың және заңсыз бас бостандығынан айырудың басқа эпизодтары бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушілерге келтірілген залалдың алдын ала сомасы 6,6 миллиард теңгеден асады.