21 сәуірден бастап Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайынан Мысырға жаңа рейс ашылады. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
Оралдан Шарм-эль-Шейх қаласына ұшуды Scat Airlines әуе компаниясы жүзеге асырады. Boeing 737MAX әуе кемелерімен бес күнде бір рет ұшуға болады. Рейстер қазан айына дейін жоспарланған, — делінген хабарламада.
Орал халықаралық әуежайының бас директоры Рустам Бектеміров маршруттық желіні дамыту жұмыстың басты бағыттарының бірі екендігін айтты.
Біз өңір тұрғындарына ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша, сонымен қатар танымал шетелдік курорттарға тікелей рейстердің қолжетімді болуын көздеп отырмыз. Мысырға чартерлік бағдарламаның басталуы бұл мәселені шешудегі маңызды оқиға болды, — деді ол.
Айта кетейік, Шарм-эль-Шейх Орал кестесіндегі екінші халықаралық курорттық бағыт болады. Жолаушыларға Антальяға да рейстер қолжетімді. Мамыр айының соңынан бастап олардың саны әлі де өседі. Scat Airlines Түркия курортына аптасына екі рет ұшатын чартерлік бағдарламаны бастайды.