Алматы – еліміздегі велосипед инфрақұрылымы ең дамыған қала. Күн жылығаннан қалада велосипед айдайтындар да көбейді. Солардың бірі — Дамир Аманбек. Ол жұмысқа күнде қоғамдық көлікпен емес, велосипедпен барады.
Baribar тілшілері Дамирмен бірге қаланы аралап, веложолдар қаншалық қауіпсіз әрі оңтайлы екенін анықтады. Ол қаланы велосипед айдайтындарға қалай ыңғайлы етуге болатынын да айтты.

Дамир Аманбек қатарластары сияқты велосипедке мектепте оқып жүрген кезден қызыққан. Велосипед айдағанды жақсы көргені сондай, бүгінде әуесқой велосипедшіге айналды. Өзі урбанист болып істейді. Жұмысына да велосипедпен барып-келеді.

карта
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қалада көп веложол кенеттен түсініксіз жерден  аяқталады. Ал оның жалғасы біршама шақырым жерден соң орналасқан. Соның салдарынан адам қайда баратынын түсінбей, сасқалақтап қалады, — дейді Дамир Аманбек.

Оның айтуынша, Тимирязев пен Шевченко көшелері бойымен бір-біріне параллель жатқан веложолдарды байланыстыру керек. Сол кезде бірталай көшеге веложол түсіп, адамдарға әлдеқайда ыңғайлы болар еді.

Ал Абай даңғылындағы веложол Әди Шәріпов қиылысында бітіп, сонау Бауыржан Момышұлы көшесінен бастап қайтадан жалғасады. Дамир осы үлкен қашықтыққа созылған үзіндіні бір-бірімен қосса, жақсы болар еді дейді.

Шағын арақашықтыққа салынған веложолдар да бірталай. Мысалы, Гоголь көшесіндегі веложол Қалдаяқов қиылысынан бітеді. Оны Бұзырбаев көшесіне дейін ұзартса, Қайырбеков пен Жібек жолында орналасқан веложолға қосылып бір жүйеге айналады.

жігіт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әдетте біздің халық велосипедті көңіл көтеріп, серуендеу үшін қолданады. Сол үшін де веложолдар шашыраңқы салынған шығар. Оны негізгі көлік ретінде айдаса, проблема уақыт өте келе шешіледі деп ойлаймын. Ал орталық пен халық көп тұратын аудандарды веложолмен байланыстырса, адамдарға жұмысқа велосипедпен барып-келу жеңіл болады, — дейді Дамир Аманбек.

Әрі қарай Дамирмен бірге қаладағы веложолдарды аралауға шықтық. Әуелі Абай даңғылындағы веложолға түстік. Жол төсемінің сапасы жақсы, шұңқыр жоқ, тіпті велосипедшілерге арналған бағдаршам да бар.

Дегенмен бұл жол тротуардың үстіне төселген. Адамдар мен велосипедшілердің арасында бөгет болмағаннан кейін велосипедші мен жаяу жүргінші соғысып қала беруі мүмкін, — дейді урбанист.

велосипед, велосипедші, веложол
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
велосипед, бағдаршам
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Одан соң еңіске қарай түсіп Байтұрсынов көшесі бойындағы веложолға бардық. Веложол тротуардан қашық салынған. Сондықтан велосипедшілер жаяу адамдарды қағып кетпейді. Алайда велосипедшілер мен автомобильдердің арасында боллард қана қойылған. Мұны велосипед айдайтындарға қауіпсіз деуге келмейді.

веложол, боллар
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Автомобиль жүргізушісі тар көшеге бұрылу үшін велосипедшілердің жолын қиып өтуге мәжбүр. Сөйтіп велосипедшіні қағып кетуі мүмкін, — дейді Дамир Аманбек.

машина, велосипедші, велосипед, веложол
Тар көшеге бұрылып жатқан автомобиль. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әрі қарай Мақатаев және Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолды көрейік деп шештік. Веложол боллард пен жиектаспен бөгеттелген.

Бұл веложол аялдаманың алдынан емес, артынан төселген. Демек велосипедші жылдамдықты азайтып, автобустарға да, жолаушыға да кедергі келтірмей өтіп кетеді, — дейді Дамир Аманбек.

аялдама, веложол
Аялдама артындағы веложол. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дамирден Алматыда қай веложол велосипедшілерге де, жаяу жүргіншілерге де қауіпсіз екенін сұрадық. Дамир бізді Пушкин және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы веложолға апарды. Жолдың бір жағына жиектас қойылған әрі тротуар екеуін ағаш отырғызылған аймақ бөліп тұр. Жолдың көше жақ бетіне де ағаш егілген, сөйтіп ары-бері өткен көлікке алаңдамауға болады.

велосипедші, веложол
Пушкин және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы веложол. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дегенмен велосипедшінің қауіпсіздігі жолайрықтарда ескерілмеген. Мысалы, Абай даңғылы мен Әшімов көшесі қиылысындағы жолайрықтан велосипедшілер қорқа-қорқа өтеді.

Велосипед айдаған адам бұл жолдан екі түрлі тәсілмен өте алады. Біріншісі — жолайрық бойымен өту. Бірақ бұл өзіне қауіпті, қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік қағып кетуі мүмкін. Екіншісі — жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өту. Бірақ бұл жолмен өтетін велосипедшінің жолы ұзап кетеді, — дейді Дамир.

веложол, жол айырық
Абай даңғылы мен Әшімов көшесіндегі жолайрық. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
веложол
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дамирдің айтуынша, велосипедті тұраққа қою мен оның қауіпсіздігіне қатысты проблема көп емес. Оған қоса қазір көптеген компания өз бетінше велосипед қоятын тұрақ қосып жатыр.

Дамир әуесқой велосипедшілер көбіне кәсіби велосипед сатып алатынын айтады. Ал қала тұрғындары, оның ішінде студенттер мен курьерлер көбіне Almaty Bike-ты айдайды.

Almaty Bike велосипедтері
Almaty Bike велосипедтері. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
велосипед, тұрақтану, Almaty bike
Almaty Bike велосипедтері. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз:

Алматыда зағип жандар өз бетінше жүре ала ма?