13 сәуір — Троллейбус шыққан күн. Алматы тұрғындары үшін бұл таңсық транспорт емес. Күн сайын 150-ден аса жүргізуші жұмысқа шығып, қала тұрғындарын тасиды. Baribar тілшілері Алматыдағы автопаркке барып, троллейбус жүргізушісінің жұмыс күні қалай өтетінін көріп қайтты. 
Автопаркте таңғы 5.00 болмай тіршілік басталып кетеді. Біз де жұмыс күніне үлгере алмай қалмайық деп осы уақытта жеттік. 
автопарк, троллейбус
«АлматыЭлектроТранс» автопаркі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бізді троллейбус жүргізушісі Күмісгүл Әкімжанова күтіп алды. Өзі 20 жылдан бері троллейбус айдайды. Бүгін де әдетінен таймай, жұмысына таң сәріден кірісті.

Ол көп танысы қарсы болса да, жұмысы қиын болса да, кәсібін ерекше жақсы көретінін айтады. Троллейбус жүргізушісінің жұмысы қаншалық қиын немесе қызық екенін түсіну үшін күні бойы Күмісгүл ханымның жанында жүрдік. Ол бірден өзін Күміс деп айтуға рұқсат берді.

Бүгін Күміс ханым 4.30-да ұйқыдан тұрып, сағат 5-тен аса жұмысқа жетті. Сөзіне қарағанда, таң атпай оянған қазір мүлдем қиын емес. 

Бір күн толық ауысымда жұмыс істеп шыққан соң, үйге қатты шаршап барамыз. Сағат 6.17-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейміз. Бірақ таңертең ерте тұрғанға қиналмаймын. Организм де әлдеқашан үйреніп кеткен. Ұйықтап қаламын деп те қорықпайды екенмін, — дейді ол. 

Сағат 5.37-де Күміс ханыммен бірге диспетчер бөліміне өттік.

Автопарк, диспетчер бөлімі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Терезенің арғы бетіндегі адамға барлық жүргізуші куәлігін көрсетіп, келген уақытын жаздырады. Сосын диспетчер жүргізушілерге борт куәлігін береді. Күміс ханым айдайтын троллейбустың борт нөмірі — 1230.

қағаз, қол қою
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

5.40-та басқа жүргізушілермен бірге медицина тексерісі кезегіне тұрдық. Шағын бөлмеде отырған екі медицина қызметкері «АлматыЭлектроТранс» компаниясы қызметкерлерінің денсаулығына жауапты. 

кезек
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жүргізушілерді көлікке отырмас бұрын міндетті түрде дәрігер қарауы керек. Басы ауырып, қан қысымы ойнап тұрса, жүргізуішіні дереу ауыстыру қажет болады. Бұған қоса арнайы аппаратқа үрлеп, алкотест тапсыруы керек. Дәрігер қарап болған соң жүргізушіге жолаушы парағын береді. 

Алкотест
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір кассаға барып, төлем аппаратын аламыз. Бұл — билет шығарып беретін құрылғы, — дейді Күмісгүл. — Содан кейін ғана көлікке мінеміз.

Төлем аппаратын алған соң, Күміс ханым айдайтын троллейбусқа қарай аяңдадық. Нөмірі — 25. Жарықты қосып, сәл ілгері жүрдік. Кесте бойынша, Күміс ханым 6.17-де автопарктен шығып кетуі керек. Оған дейін санаулы минут қалды. 

троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тізілген көліктер сапынан алыстаған соң Күміс ханым тағы тоқтады.

Қазір мына есікке кіріп, арнайы көмір кірістірмені (угольные вставки — ред.) алып шығамыз. Бұл зат троллейбус жоғарыдағы байланыс сымдарынан ток тартып тұруы үшін керек.

Күмісгүл
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Диспетчерге тіркелдік, дәрігерге қаралдық, кірістірмелерді артығымен алдық — енді жолға шыға беруге болады. Бірақ автотұрақтан кетпес бұрын жасалатын тағы бір маңызды қадам бар.

Қазір төбедегі сымдарды тексереміз. Бұны «штанга» деп айтамыз. Кіріктірмелер дұрыс орнатылғанын, токты қаншалық жақсы тартып тұрғанын бір қарап алған соң, ақырындап шыға береміз.

троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бәрін тексердік. Автотұрақ есігінен шығып, алғашқы аялдамаға қарай жол тарттық. 25-троллейбустың бірінші аялдамасы — М.Горький атындағы саябақ. Сағат 6-дан енді асты. Әзірге көше тыныш, адам жоқ.

троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыны пайдаланып Күміс ханымды әңгімеге тарттық. Сұхбат беретінін естігеннен-ақ кәсіпке алғаш келген күндері есіне түсіпті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

20 жыл бұрын әпкем де троллейбус жүргізушісі болып істейтін. Бір кездері жанында кондуктор болып көрдім. “Оңай” құрылғылары жоқ кезде жолақысын жинап жүретін кондуктордың жұмысы бар еді. Сол уақытта әпкеме қатты қызығатынмын, — дейді ол. 

Көп ұзамай Күміс ханым троллейбус жүргізушісінің оқуын оқимын деп шешеді.

Жолдасым «Сен ондай жұмыс үшін тым сұлусың» деп долданатын. Қарсы болды, ренжіді, кейін түсінді. Маған троллейбус рулінде отырған әйелдер тым сұлу болып көрінетін. Өзім де сол әйелдердің орнында болғым келді. Сол сұлулыққа ғашық болып осы кәсіпке келдім десем болады, — дейді Күміс ханым.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қараңғы сейіліп, қала анық көріне бастады. Бірақ көше әлі тыныш еді.

Жаңбырлы күні адам осылай аз болады. Қай бағытта жүріп бара жатқанымызға да байланысты. Қазір саябақтан Марғұлан-Момышұлы көшелерінің қиылысына дейін көп адам міне қоймайды. Кері қайтарда адам толып, тіпті есікті жабу қиын болатын кездер бар. Жалпы, күніне шамамен 1000 жолаушы мінеді.

Саябаққа да жеттік. Бұл — 25-нөмірлі троллейбустың бірінші аялдамасы.

тролейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Штанганы» бір тексеріп алған соң, қозғала берсек болады. Жаңбырлы күні кіріктірмені айналым сайын ауыстыруға тура келеді. Қолдан қол қалмайды. Киіміміз де кірлеп кетеді.

троллейбус жүргізушісі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
троллейбус жүргізушісі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Күміс ханым жаңбырлы күні жұмыс істеу қиын екенін айтып тағы бір күрсінді.

Негізі бүгін алғашқы айналым сағат 6-дан өте басталғандықтан, шамамен 21.00-де соңғы айналымды аяқтап, автопаркке жетуім керек. Бірақ жаңбырлы күні кептеліс көбейіп, жұмыс та кеш аяқталуы мүмкін, — дейді Күміс ханым.

Бірақ ол жұмыс кестесі ыңғайлы болғандықтан, қатты шаршап үлгермейтінін айтады.

Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Сол екі күннің бірінде немереммен ойнап, сағынышымды басқан соң, күш жинап, қайта жұмысқа кірісемін. Шаршап үлгермеймін, — дейді ол.

Бірінші жолаушы мінген соң көлік қозғалды.

"Оңай" картасы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
жолаушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Күміс ханым енді Горький саябағы — Момышұлы-Марғұлан көшелері қиылысы бағыты бойынша екі айналым жасауы керек. Содан соң түскі үзіліске шығады. Бірақ ол үзілісті аңсап отырған жоқ. Кейінгі тоғыз жылда басшылық қызметте болып, жүргізушілікке жақында оралғандықтан, ісін сағынып қалған.

Шыны керек, жүргізуші болғанды сағыныппын. Кейінгі тоғыз жылда өзіміздің автопаркте басшылық қызметте болдым. Үш бағыт бойынша бақылау жүргізіп отыратынмын. Күні бойы үш троллейбусты қадағалап отыру қиын. Сондықтан сағынып жүріп, қайта жүргізушілікке оралдым. Содан болар, «Түскі үзіліске қашан шығар екенмін?» «Жұмыс күні тезірек аяқталса ғой» деп ойламаймын.

троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қала «тіріліп», аялдамалар жанға тола бастады. Троллейбусқа мінген жолаушылар да артты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
троллейбус іші, жолаушылар
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көлікке кірген жолаушылардың кейбірі жүргізушімен амандасып жатты.

20 жылдан аса жүргізуші болған соң, Алматының көп тұрғыны танып жатады. Тіпті жаңа жылда арнайы күтіп тұрып, троллейбусқа мініп, сыйлық беріп кеткендер де болды. Күнде таңертең жүзі таныс жолаушылар мініп, күліп амандасқанының өзі жылу сыйлайды. Орыс апалар тіпті түскі асқа деп бутерброд әкеп беріп жатады. Жаздыгүні Қалдаяқов көшесінің бойында саяжайдан әкелген жемісін сатып отыратын апаларды да жақсы танимын. Осы 20 жылда бұрын сәби болып, ата-анасымен мінетін балалар да қазір өсіп қалды, — дейді Күміс ханым.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түске жақын жаңбыр құйып кетті. Сөйтіп көлік козғалысы қиындай түсті.

аялдама
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Таңертең айтып едім ғой, кептеліс сұмдық болып тұр. Сондықтан мен де кестедегі уақыттан сәл кешігіп жатырмын, — деді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бекітілген бағыт бойынша екі айналым жасаған соң, Күміс ханым түскі үзіліске шықты. Негізі автопарк қызметкерлеріне арналған асхана бар. Бағасы арзан, келісімшарт бойынша әлеуметтік құн белгіленген.

Біз айналымнан кешігіп келген соң асханаға үлгере алмадық. Күміс ханым жақын маңдағы кафеге бет алды. Қызметкерлер оны алыстан танып, қуана күтіп алды.

Ең сұлу троллейбус жүргушісі, қош келдіңіз!

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Үзіліс қысқа болса да, Күміс ханым шай үстінде жұмысы жайлы тағы ақпар беріп үлгерді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Неше түрлі жолаушы болады. Әсіресе көктемде көшеге түрлі ауруы бар адамдар шығады. Кейде мастар мініп кетіп, жолаушылардың мазасын алады. Оларды көліктен түсіру де — біздің міндетіміз. Көбіне жолаушылар көмектесіп жатады. Бірақ жағдай қиындап жатса, бірден 102-ге хабарласамын, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көп ұзамай, жүргізуші тағы рульге отырды. Жаңбыр құйып тұр. Аялдамалардың алды шылқыған су. Жолаушылардың аяғы су болып қалмас үшін, Күміс ханым барынша аялдамаға жақын тоқтап жатыр. Бірақ сонда да қабағы қатулы, «Есікті аш, жап» деп бұйыра сөйлеген жолаушылар баршылық.

Жаңбырлы күні бәрінің жүйкесі жұқарып кетеді, дөрекі сөйлеп жатады. Бірақ бұл да жұмысымыздың бір бөлігі ғой. Әркімнің сөзін көңілге ала берсең, нең қалады? — дейді Күміс.

Автобус іші барған сайын нығыздала түсті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түскі үзілістен кейін бір айналым жасап біткенше сағат 16.00-ден асып кетті.

Қазір кептеліс басталады. Адам да көбейеді, — дейді жүргізуші.

Сабақтан қайтқан студенттер мен жұмыстан қайтқан жолаушы көп.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қарбалас уақыт саналатын 18.00-20.00 аралығында Күміс ханыммен әңгімелесу мүмкін болмады. Тек сағат 20.00-ге қарай жолаушылар сирей бастап, Күміс ханымды тағы әңгімеге тарттық.

Жұмыс оңай емес екенін өзіңіз де көріп тұрған боларсыз. Осы 20 жылда жүргізуші болам деп кім келіп, кім кетпеді… Адамдардың сөзіне, кептелістегі қысымға көп адам шыдай бермейді, — дейді ол.

Содан болса керек, троллейбустардың ішінде үнемі «Жүргізушілер керек» деген хабарландыру ілініп тұрады. Оны бүгін де көрдік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұған қоса троллейбус жүргізушісі болу кәсібилікті талап етеді. Мысалы қарапайым көлік жүргізушілері тек бір асфальтты бақылауы керек. Ал біз бірден үстіңгі ток жолы мен қарапайым асфальтті қатар бақылап отырамыз, — дейді жүргізуші.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ақырғы айналымды жүріп өткен соң, автотұраққа қайтамыз. Сағат 21.00 болды.

Күндіз айтқанымдай, бүгін жұмысым кеш аяқталғалы тұр. Кесте бойынша 21.00-ден өте автотұрақта болуым керек еді. Жаңбыр жауып кешіктім. Бірақ кейінгі айналым 21.00-де бітуі керек деп, жұмыс күнін аяқтай алмаймын. Кесте бойынша неше айналым жасауым керек болса, сонша уақыт жүріп шығуға тиіспін, — дейді Күміс ханым.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оның сөзіне қарағанда, кесте күн сайын жаңарып отырады.

Арнайы статистеріміз бар. Олар есептеп, шамамен неше айналым жасауымыз керек екенін шешіп, түнде жаңа кестені жібереді.

Мұндай жұмыс үшін троллейбус жүргізушісі орташа есеппен 800 мың теңге алады.

Бұл, әрине, барлық салық пен өзге шығынды қоса есептегендегі сома. Ал таза қолға тиетіні — орташа есеппен 400-500 мың теңге. Бір жақсысы, бізде 20 жыл тәжірбиесі бар адам да, бір ай бұрын жұмысқа кірген жүргізуші де, әйел де, еркек те тең ақы алады, — дейді жүргізуші.

Сағат 23.00-ден өте автотұраққа жеттік. Тізіле тұрған троллейбустар кезегімен кіріп жатты.

троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кірген соң тұрақ қызметкері мініп, троллейбус ішін бір тазалап шықты.

троллейбус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — әлі басы. Қазір сәл ілгері жүріп, автожуу бөліміне өтеміз.

Қаладағы кептелістен кейін, 10 минутқа жуық тұрақ ішіндегі автожуу бөлімінің кептелісінде тұрдық. Фотограф Бақдәулет екеумізге бұл көрініс күні бойы көшеде алысып-жұлысып ойнап, кешке суға түсуге кезекке тұрған балаларды есімізге салды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Арнайы қызметкерлер жуылған көліктерді орнына сап түзей қойып жатыр. Ал біз Күміс ханыммен бірге таңертең кірген есіктерге қайта кіреміз. Жұмыс күні аяқталуға таяды.

Диспетчер бөліміне өтіп, келгеніміз жайлы мәлімет беріп, борт куәлігін өткіздік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыдан соң қайта медицина қызметкерлері қарады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Касса бөліміне барып, төлем аппаратын да беріп кеттік.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осымен жұмыс күні аяқталды. Енді екі күн демаламын. Сосын қайта сүйікті жұмысыма ораламын.

Тағы оқыңыз: 

Сахна сырты: Әуезов театры артистері қойылымға қалай дайындалады?