Алматыда автобуста жол ақысын төлемеген 113 жолаушы ұсталды

Бұл туралы «Алматыэлектротранс» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Омархан Абылайхан айтты.

Оның айтуынша, Алматының қоғамдық көліктегі бақылаушылары биыл жол ақысын төлемеген жолаушыларға байланысты полицияға 113 рет хабарласқан. Тиісінше, 113 жолаушының үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

Кейінгі кезде жолаушылардың жол ақысын төлемеу үшін түрлі айлаға баруы жиілеген. Олардың көбі жол картасына ақшаны салғанына әлі 15 минут өтпегенін жиі айтады. Бұл жағдай оларды жол ақысын төлеуден босатпайды және сапар алдында картасына төлемнің уақтылы түсуін қадағалауға тиіс. Ал жеңілдік картасы барлар, мысалы зейнеткерлер, оқушылар жол ақысын төлемей, карточкасыз жүруге болады деп ойлайды. Сонымен қатар жастар көбінесе SMS немесе QR теріп қойып отыра береді, бақылаушы кіргенде ғана төлей салады. Ұялы телефонның экран жарығын басып, телефонының өшіп қалғанын айтатындар бар. Төлем скриншотын жасап, соны бірнеше рет көрсете беретіндер де болады. Біз қазір бұл айлалардың барлығын жіктедік және әрбір бақылаушы алгоритм бойынша қалай тексеру қажет екенін жақсы біледі, — деді Омархан Абылайхан өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.