Биыл 7 сәуірден бастап Jibek joly телеарнасынан «Ана болғым келеді» деген бағдарлама көрерменге жол тартады. Оны журналист Ләйлә Сұлтанқызы жүргізеді. Бағдарлама ЭКҰ арқылы бала сүйгісі келетін ата-аналарға көмектеседі.
2022 жылы журналист Ләйлә Сұлтанқызы «Тегін ЭКҰ» инстажобасын жүзеге асырды. Түрлі себеппен (денсаулығына байланысты, анализдің дұрыс келмеуі және тағы басқа) квотаға іліне алмаған әйелдерге тағы мүмкіндік беріп, 500-ге жуық өтінімнің ішінен бес келіншекті таңдап, тегін ЭКҰ жасады. Жобаның әр сәтін, әйелдердің басынан өткізген әр оқиғасын автор Ләйлә Сұлтанқызы өз парақшасында live форматта бөлісіп отырды. Нәтижесінде, төрт әйел ЭҚҰ-ның бірінші процедурасынан жүкті болды.
Ата-ана болғысы келетін адамдардан мыңнан аса хат келгендіктен, жоба биыл үлкен тележобаға айналып, 7 сәуірден бастап Jibek joly телеарнасынан «Ана болғым келеді» деген атаумен көрерменге жол тартады.
Бұл жолы да жасы 45-тен аспаған, тұрмыс құрған, бірақ бала сүю бақытына бөленбеген және «Аңсаған сәби» квотасына ілікпеген алты келіншекке көмектеседі. Жобаның басты ерекшелігі – әр сәтті эфирден көрсетіп, барлық ақпаратты реалити форматында көрерменге ұсыну, ынталандыру.
Өкінішке қарай, бедеулік – бүгінгі күннің өзекті проблемаларының біріне айналды. Сәби сүюдің соңғы мүмкіндігі – ЭКҰ! Алайда ЭКҰ арқылы ата-ана болу кез келген жанға бұйыра бермейді.
ЭКҰ арқылы балалы болуға көмектесу үшін мемлекет тарапынан «Аңсаған сәби» жобасы жүзеге асырылады. Бірақ жоба аясында 7000 адамға ғана ЭКҰ жасауға мүмкіндік беріледі. Ал біз сол бағдарламаға ілікпеген, талдау нәтижелері сай келмеген әйелдерге тегін ЭКҰ жасауға көмектесеміз.
Жобаның мақсаты — ЭКҰ арқылы сәбилі болуды армандаған әйелдер арасында конкурс өткізіп, таңдап алынған жандарға дәрігерлермен бірге көмектесу. Алғашқы тексерістен бастап, балалы болғанға дейінгі әр сәтті бөлісу. Қиындығы мен қуанышын, эмоциясы мен ішкі толғанысын көрсету. Оның ішінде ЭКҰ жасату, күтіну жолдары туралы кеңес беру.
Деректі фильм жанрындағы жоба 10 бөлімнен тұрады. Ай сайын екі шығарылым эфирге шығып отырады. Алғашқы бөлімде 2022 жылы «Тегін ЭКҰ» бағдарламсы бойынша сәбилі болған келіншектер туралы баяндалады. Алдағы бөлімдерде 2023 жылы іріктеліп алынған кейіпкерлермен танысып, олар туралы толық ақпарат беріледі. Келесі шығарылымдарды кейіпкерлердің медицина тексерісінен өтуі, дәрігерлердің кеңес алуы, ЭКҰ процедуралар кеңінен тарқатылып, көрсетіледі. Кейінгі шығарылымдарды жүктіліктің алғашқы кезеңі, қиындығы мен қуанышы түсіріледі.
Солайша, екі айлық мерзім, үш айлық мерзім бойынша кезең-кезеңімен әр бөлімде алты кейіпкерлердің өмірі деректі және реалити-шоу жанрында эфирге шығып отырады.
Өмірдің таңғажайып сыйы – сәби сүю, ана бақытын сезіну. Жобаның және менің мақсатым – сол сезімді, ата-ана бақытын сыйлау, — дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Мүмкін емес нәрсе жоқ, тек қана оған уақыт керек. Бұл өмірде бәрі мүмкін, — дейді дәрігер-репродуктолог Алмаз Ибрагимов.