Кейінгі бір жылда шалғай ауылдарда тұратын балаларға футболды тегін ойнауға мүмкіндік беретін Supernovas жобасы іске асып  келеді. Осы күнге дейін жоба аясында Қазақстанның төрт ауылынан футбол секциясы ашылды. Жақында жобаның ауқымы кеңейіп, тағы алты ауылдан секциялар іске қосылады. Supernovas қандай жоба? Ауыл балаларының салауатты өмір салтына қосып жатқан үлесі қандай? Өз ауылыңызда тегін футбол секциясын қалай ашуға болады? Baribar.kz тарқатып жазады.

Supernovas қандай жоба?

Supernovas — шалғай ауылдардағы балаларға арналған футболдың коммерциялық емес жобасы. Жоба менеджері Тоқтар Ескендіровтің айтуынша, олар ең әуелі шалғай ауылдардан балаларға футбол ойнауды үйреткісі келетін жаттықтырушыларды немесе еріктілерді іздейді. Жаттықтырушыны тапқан соң оның ауылынан балаларға арналған футбол клубын ашады. 

Балаларға футбол үйрететін адамның кәсіби спортшы не жаттықтырушы болғаны маңызды емес. Іріктеу кезінде біз ең әуелі оның ынтасына, жұмысқа деген көзқарасына мән береміз. Себебі бұл үш ай жаттықтырып, кейін жабылып қалатын секция емес. Оған қоса жаттықтырушының жаңа нәрсеге тез бейімделгені маңызды. Футбол секциясын ашпас бұрын біздің әдіскерлеріміз жаттықтырушыларды оқытып, дайындайды. Оларға балаларға айғаламай, дөрекі сөйлемей,  футбол үйретуге болатын заманауи әдістерді үйретеді. Содан кейін ғана балаларды жинай бастаймыз, — дейді Тоқтар Ескендіров. 

Фото: Indriver

Футбол секциясына 6-12 жас аралығындағы балалар қатыса алады. 

6-12 жас аралығындағы балалар көбіне елеусіз қалады. Көп спорт түрлеріне балаларды 9 немесе 12 жастан бастап алады. Осы мәселені ескеріп, осы жас аралығын таңдағанды жөн көрдік, — дейді жоба менеджері.

Фото: Indriver

Жаттықтырушының жалақысын, алаңды жалдауға керек соманы, доп, киім сияқты футбол ойнауға қажет заттың барлығын Supernovas жобасы төлейді. 

Басында әр ауылға барып, жазда да, қыста да ойнауға болатын алаң салуды ойлағанбыз. Дегенмен оған көп қаржы қажет болды. Сол себепті біз ауыл әкімдіктерімен келісіп, мектептегі спортзалдарды, ауылдағы алаңдар мен спорт кешендеріндегі алаңдарды тегін алуға тырысамыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда жалға алып, ақысын төлейміз. Ал жаттықтырушы қаншалық көп бала жинап, көп топ ашса, жалақысы соншалық көп болады. Әзірге оларға сағатына 3000 теңге төлеп жатырмыз. Жаттықтырушы бұл жұмысын қосымша жұмыс ретінде де, негізгі жұмысы ретінде де қарастыруына болады. Біз үшін ең бастысы — жұмысына жауапты болуы, — дейді Тоқтар Ескендіров. 

Қазіргі уақытта Supernovas жобасы аясында Қазақстанның төрт жерінен — Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауылынан, Ақмола облысындағы Зеренді ауылынан,  Ұлытау облысындағы Ұлытау ауылынан және Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданынан тегін футбол секциясы ашылды. 

Үш секция 2022 жылғы қазанда, төртіншісі қаңтарда іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл секцияларға жалпы 212 бала қатысып жатыр. Ең көбі — Жәнібек ауылында. Ұлытау ауылында 2000 адам тұрады. Ол жерден 36 бала футболға барып жүр. Мұның өзі — жақсы көрсеткіш, — дейді Тоқтар Ескендіров.

Фото: Indriver

Зеренді ауылындағы футбол

Андрей Куленюк бала кезінде Ақмола облысындағы Зеренді ауылына көшіп барған. Содан бері осы ауылда тұрып, тірлік етіп келеді. 25 жылдан бері жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Бір жыл бұрын медиадан, таныстарынан Supernovas жобасы туралы естіп, өтініш жолдаған. Сөйтіп қазір балаларға футбол үйретіп жүр.

Маған Supernovas жобасының қаржылай қолдайтынымен қоса мақсаты да ұнады. Жоба балалардан үлкен нәтиже күтпейді, олар мықты футболшы болсын деп талап етпейді. Балаларға спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береді, — дейді жаттықтырушы Андрей.

Андрей Куленюк. Фото: Indriver

Оның айтуына қарағанда, Зеренді ауылында балаларын футболға бергісі келетін ата-аналар күннен-күнге көбейіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл секцияға 45 бала қатысады. Олар футболды ауылдағы спорт кешенінде ойнап жүр. Жақында Supernovas өкілдері балаларға бірдей форма сыйлаған екен.

Балалар қуанып жүр, өйткені бұл — олардың есімі жазылған алғашқы формасы, — дейді жаттықтырушы.

Фото: Indriver

Supernovas менеджерінің айтуынша, Еуропа стандарттары бойынша 6-12 жастағы ұлдар мен қыздардың атап айтарлық физиология айырмашылығы жоқ. Сол себепті футбол сексциясына ұлдар да, қыздар да қатыса алады. Қазір бұл жоба секциясына төрт жердегі секцияны қосқанда, жалпы үш қыз қатысып жүр. Олар ұлдармен бірге ойнайды.

Негізі біздің ауылда футболға қызыққан қыздар көп болды. Шыны керек, алғашында таңғалдым. Дегенмен көбі басында қатысып, кейін келмей кетті, — дейді Андрей Куленов. 

Дегенмен ұйымдастырушылар қыздар көп болса, бөлек команда құруға болатынын айтады.

Жәнібек ауылындағы футбол 

Ал Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауылының тұрғыны Дастан Әбдірешов 20 жылдан бері мектепте дене тәрбиесінен сабақ береді. Бұған дейін де бос уақытында футбол ойнағанды ұнататын, бұл спорт түріне бейімі бар балаларды өз еркімен тегін жаттықтырып жүрген. Тіпті оның оқушыларының арасында «Ақжайық» футбол командасының мүшелері де бар екен. Дастан Әбдірешов Supernovas жобасы туралы білгенде шәкірттеріне жақсы мүмкіндік екенін байқап, бірден өтінім жіберген. 

Ауылымызда футболды жақсы көретін бала көп. Тіпті кәсіби түрде айналысатындары да бар. Бұл жоба барлығы үшін жақсы мүмкіндік болды. Мысалы, кей бала футбол клубына қатысу үшін Оралға барады, «Ақжайық» командасында ойнайтындар да қалаға қатынап жүретін. Бірақ  қала мен ауыл арасындағы жол нашар, ауа райы бұзылғанда қалаға жету мүмкін емес. Осындай кезде балалар қиналып қалатын. Ал қазір өзіміздің ауылда да тегін жаттыға алады, — дейді Дастан Әбдірешов. 

Фото Дастан Әбдірешовтың жеке архивінен

Қазір Жәнібек ауылында 100-ден астам бала футболға қатысып жүр. Олар жасына байланысты бес топқа бөлінген. Солардың бірі — 13 жастағы Жақсыбек Қаримуллин. Ол әйгілі футболшыларға ұқсағысы келеді. Секциядағы жаттығуларды рахаттанып істейтінін айтады. 

Жаттығу жоғары деңгейде өтеді. Болашақта әр жарыс сайын формамыз ауысып тұрғанын және ойын алдында су берілгенін қалаймын, — дейді Жақсыбек.

Ал 12 жастағы Даниял Қаршыға болашақта футболшы болғысы келеді, сол себепті секцияға үзбей қатысып жүр. 

Жаттығу кезінде техникамды дамытып жүрмін. Осындай мүмкіндік берген Sypernovas-қа рақмет. Енді бізге спорт киімі, сөмке, шолақ шалбар, футболка сияқты экипировка алып берсе, қуанар едім, — дейді Даниял.

Фото Дастан Әбдірешовтың жеке архивінен

Ауылыңызда тегін футбол секциясы ашылуы үшін не істеу керек?

Supernovas жобасының менеджері Тоқтар Ескендіровтің айтуынша, биыл жоба аясында тағы алты аймақтан секциялар ашылады. Ауылында балаларға арналған тегін секция ашу үшін оларға жаттықтырушы болғысы келетін кез келген адам 2023 жылғы 30 наурыз бен 30 сәуір аралығында сайтқа өтінім жіберуі қажет.