Қала тұрғындары үшін «Жігіттер» тобының есептік концерті нағыз сый болмақ. Концерт бүгін «Астана» концерт залында (бұрынғы «Конгресс-холл») сағат 16:00 және 19:00-де өтеді. Сондай-ақ, 9 наурызда сағат 18:30-да «Алдараспан» әзіл-сықақ кеші көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.
«Астана Опера» театрының Үлкен залында Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған «И нет тебя прекрасней…» мерекелік концерті өтеді. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік еткен «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хор қатысады.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында 8 наурыз күні 18:30-да көрермендер М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиялық қойылымын көре алады.
Сонымен қатар, мерекелеу шеңберінде музейлерде, кітапханаларда және Тәуелсіздік сарайында тақырыптық көрмелер өтеді. Тәуелсіздік сарайындағы «Гүлдің нәрі» атты көрме 2 сәуірге дейін жалғасады. Наурыздың 6-сы мен 13-і аралығында «Алжир» мұражайында 8 наурызға арналған балалардың суреттерінің экспозициясын тамашалауға болады.
Мұнымен қоса, қала мерекеге орай безендіріледі. Астананың қысқы келбеті көктемгі жаңаруды білдіретін декорацияларымен алмастырылады. Елорданы 8 наурыз бен Наурыз мерекесіне орай безендіру барысында ұлттық мотив, қала тұрғындары мен қонақтарына көктемгі жаңару мен балғындықты жеткізетін гүл инсталляциялары қолданылды. Безендірудің негізгі тұжырымдамасы – ұзақ әрі қатты қыстан кейін бәйшешектей құлпырған гүлденген қаланың бейнесін жасау, бұл үшін көктемгі гүлдердің ауқымды композициялары пайдаланылады.