Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев:...

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығының алдын алу үшін жаңа тариф саясатына көшу қажет екенін мәлімдеді.

Парламенттің бірінші сессиясында президент су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет, — деді ол.

Президенттің айтуынша, қазір үкімет су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр.

Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65%-і ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60%-ке жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық, — деді мемлекет басшысы.