Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Су басқан алты үйден су толығымен шығарылды.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сырым және Теректі аудандарынан эвакуацияланған 30-ға жуық тұрғын үйіне оралды. Қалған 33 адам уақытша эвакуациялау орындарына орналастырылды, 206 адам туыстарының үйінде тұрып жатыр. 280-нен астам мал қауіпсіз жерге шығарылды, — делінген хабарламада.
Кейінгі тәулікте қауіпті аймақтарға 4 мыңға жуық инертті материалдар салынған қаптар төселді, 30 мың текше метрден астам су сорылды, 12 учаскеде суды бұрып ағызатын траншеялар қазылды.
Жалпы Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері тәулік бойы жұмыс жүргізудің арқасында 340 мың текше метр су сорылып, инертті материалдар салынған 25 мыңнан астам қап төселді.
Апатты-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуге төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, ішкі істер министрлігі, қорғаныс министрлігінің 1 000-ға жуық өкілі, 400-ден астам техника, соның ішінде инженерлік техника, мотопомпалар, жүзу құралдары, тікұшақ, сонымен қоса Атырау және Маңғыстау облыстарынан төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары қосымша тартылған.