Ұлыстың ұлы күні — Наурыз тойы таяп қалды. Әз-Наурыз келгенде адамдар күнделікті қарбалас тірлігінен бас көтеріп, тағы бір жылды аман-есен еңсергеніне шүкір етіп, бір-біріне құтты болсын айтады. Бұл — күллі Шығыс әлемі үшін жыл басы саналатын мейрам. Дегенмен ел арасында «Наурыз мейрамы мұсылмандыққа қайшы» деген пікір бар. Наурыз тойлау халал ма? Бұл туралы ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы ғалым Хасан Аманқұл мен тарихшы, дінтанушы Ернар Атаұлан тарқатып айтты.
Наурыздың тарихы
Мұсылмандар діни басқармасы маманы Хасан Аманқұл қоғамда «Наурыз тойлау — харам» деген пікір тарағанына мейрамның шығу тегі себеп дейді. Наурыз мейрамының шығу тарихы парсыларға тірелетіндіктен, олар ислам діні келмей тұрып, отқа табыну дәуірінде Наурызды жаңа жыл ретінде тойлаған.
Наурызға қатысты ел ішінде алуан ой салып, қисынсыз пікір таратушылар бар. Олар бұл мейрамның ежелгі отқа табынушылардың діни рәсімі екенін, исламға қарсы тұстары бар екенін алға тартады. Ертеде шығыс халықтары наурыздың 21-ші жұлдызында түнде алаулатып от жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алатын болған. Сол оттың үстінен секірген, солай өздерін пәле-жаладан тазартқан, — дейді Хасан Аманқұл.
«Наурыз тойлау харам» деген үкім шыққаны рас па?
Хасан Аманқұл бұл мейрамға қатысты бір кездері “харам” деген үкім шыққаны рас дейді. Бірақ ол мұның тек оттан секіру дәстүріне ғана айтылған үкім екенін айтты.
Отқа табыну ислам сенімі бойынша Жаратушыға серік қосу (шірк) болып саналады. Ханафи мазхабының фиқһ және пәтуа кітаптарында кездесетін ғұламаларымыздың наурызға қатысты «тойлау харам, тойлау күпірлік» деген үкімдері тікелей отқа табыну жоралғысына қатысты айтылған. Отқа табыну дінін ұлықтау мақсатында азғындық қылықтар жасау, ритуалдарын жүзеге асыру хақ сенімге қайшы болғандықтан, бұл мейрамды тойлаған кісі «күпірлікке түседі, харам іс жасағандардың қатарына жатады» деп үкім берген, — дейді ғалым.
Тарихшы әрі дінтанушы Ернар Атаұлан да мұсылмандарға Наурыз тойлауға тыйым салынып, кейін қайта рұқсат етілгені туралы тың дерек келтірді.
Негізі Наурыз — ислам діні келмей тұрып Орта Азия елдері ғана емес, күллі әлем тойлаған мейрам. Қытай, Жапония елдерімен қоса Еуропа елдері де бұл күнді тойлағанын растайтын дерек бар. Тек ислам діні халық арасында кең тарай бастаған соң Наурыз мейрамына байланысты тыйымдар да пайда болды. Ханафи мазхабының ең үлкен медреселерінің бірі — Бұхара медресесінің ғалымдары Орта Азияда ислам тарай бастаған тұста Наурыз тойлауға тыйым салған. Кейінірек осы тойдағы шариғатқа қайшы келетін оттан секіру, ішімдік ішу, әйел-ер болып жаппай араласып тойлау деген сияқты ғұрыптарға тыйым салып, жалпы тойлауға рұқсат берген. Осыдан-ақ Наурыз түркі әлемінде, Орта Азия даласында басында тыйым салынып, кейін анық рұқсат берілгенін біле аламыз, — дейді тарихшы.
Тарихшы Наурыз тойлаудың мұсылмандар үшін әбестігі жоқ екеніне кеңес үкіметі кезінде бұл күннің «діни мереке» деп танылғаны да дәлел бола алатынын айтады.
Бір қызығы, кеңес үкіметі тұсында мұсылман халықтары арасында Наурыздың кең тарағаны сонша, кеңес билігі мен шығыстанушылар Наурыз тойын «діни, ислами мейрам» деп танып, Құрбан айтпен, Ораза айтпен бірге кеңес үкіметі аумағында тойлауға тыйым салынған үш мейрам тізіміне енгізіп жіберген, — дейді ол.
Жаңаша Наурыз
Мұсылмандар діни басқармасы маманы Хасан Аманқұл кейінгі дәуірлердегі мұсылман басшының көбі Наурыз тойлауға аса тыйым салмағанын айтады. Мұның басты себебі мейрамның тек атауы өзгеріссіз қалып, мән-мазмұны, тойлау үлгісі түбегейлі өзгергені болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта мейрамның аты қалғанымен, оның бұрынғы мазмұны мен маңызы, өткізу тәртібі түбегейлі өзгерді, жойылды деуге болады. Кейінгі дәуірлерде мұсылман басшыларының да наурыздың тойлануына қарсылық білдірмегені сондықтан шығар. Хазіреті Әли және Муғауия сияқты сахабалардың Наурыз мейрамына қарсы болмағаны тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің айтуынша, имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазіреті Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп сұрағанда Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар» деген екен, — дейді ғалым.
Бұған қоса Хасан Аманқұл Әл-Яқубидің тарих кітабына сілтеме жасап, Наурыз тойлау харам саналмайтынына тағы дәлел келтірді.
«Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Әбдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне Наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген» деген дерек келтіреді. Наурыз мейрамы харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді, — дейді ол.
14 наурыз қайдан шықты?
Ернар Атаұлан мұсылман жұрты ислам діні тарағалы тарихтың әрбір кезеңінде Наурыз тойлағанын растайтын дерек көп дейді. Кеңес билігі келген соң күнтізбеде өзгеріс болған.
Наурыз бір деректерде он, енді бір дерек бойынша сегіз күн тойланады. Ұлан-асыр той 1 наурыз күні басталып, 8, 9 наурызға дейін жалғасады. Ресей патшалығы алғашында юлиан күнтізбесін ұстанып, кеңес үкіметі келген соң бүкіл әлемге григориан күнтізбесін енгізді. Григориан күнтізбесі юлиан күнтізбесінен он үш күн алда жүреді. Солайша 1 наурыз 14 наурызға теңеседі. Сондықтан орта ғасырларда қазақ даласында наурыз тойы 1 наурыз күні басталып, 8-9 күн тойланатын болған. Демек, 1 наурыз — қазіргі 14 наурыз. Елдің батыс бөлігіндегі «Жыл басы», «Амал мейрамы», «Көрісу күні» деген салт осыдан шыққан. Бұл күні халық бір алаңға жиналып, пайғамбарымызға салауат айтып, шүкір етіп тарайтын болған, — дейді исламтанушы.
Ол Наурыз тойлау жайлы көп дерек Мәшһүр Жүсіптің шығармасында анық жазылғанын айтады. Ғұламаның «Наурызнамасында» күнтізбе өзгергендіктен Наурыз тойлау күндері ауысқаны туралы да жазылған.
Әйгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “Наурызнама” деген шығармасында Наурыз тойы «ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» деп жазған. Дәл осы шығармасында Бұхарада оқып жүрген тұсында Бұхара әмірінің Наурыз тойлауға рұқсат бергенін, бұл өңірде де мейрам 8-9 күн тойланғаны жазылған.
Мұсылмандар діни басқармасы маманы Хасан Аманқұл Наурыз шариғатқа қайшы емес, бұл той — халықты бірлікке шақыратын ұлы той деген пікір айтты. Ол Наурыз тойлау қазақ халқының салт-дәстүрлері мен діни құндылықтарына әбден бейімделген деп есептейді.
Кез келген салт немесе дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Бүгінде наурыз мейрамы діни ерекшеліктерін жоғалтып, отқа табынушылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан. Оған дәлел — мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздеріндегі «Әдет-ғұрып – төреші» деген қағида. Бұл қағидаға сай нақты дәлелі жоқ кейбір мәселеге келгенде қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сүйеніп, солардың негізінде үкім шығарылады. Наурыз да дәл солай, — дейді ол.
Хасан Аманқұл Наурыз мейрамын бұзылған діни сенімдерге байланыстыруға да ешқандай негіз жоқ екенін айтты. Ол, керісінше, осындай салт-дәстүрлеріміз арқылы халықтың бірлігі күшейеді, туыстық, достық қарым-қатынастар нығаяды, сүйіспеншілігі артады дейді.
Тағы оқыңыз: Видеорецепт.Наурыз көжені қалай пісіруге болады?