Басты бетЖаңалықтарБүгіннен бастап...

Бүгіннен бастап банкроттыққа өтініш қабылдау басталады

Қаржы министрлігінің мәліметінше, елімізде 1,1 миллион борышкер өзін банкрот деп жариялай алады.

Мемлекеттік кірістер комитеті өтініш берудің бейненұсқауын жариялады. Онда электрон цифрлық қолтаңба арқылы egov.kz порталынан өтініш берудің әр қадамы нақты көрсетілген.

Қарызын төлей алмай жүрген қазақстандықтар үш түрлі рәсім бойынша кредитінен құтыла алады.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Мына шарттар сақталуы қажет:

  • борыш 5,5 миллион теңгеден (1 600 АЕК) аспайды;
  • кредит 12 ай бойы өтелмеген болуы керек;
  • меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін жасалады.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін алты ай ішінде және берешегі бес жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (бес жылға дейін) мүмкіндігі бар. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Сот арқылы банкроттық рәсімі қарыз 5,5 миллион теңгеден асқанда іске қосылады.