Маңғыстауда ақбөкен атқандар мемлекетке миллиард теңге залал келтірген

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күрес іс-шараларын жүргізу аясында қылмыстық «кәсіптің» жолын кесуді жалғастырып жатыр. 2023 жылғы қаңтарда ҰҚК прокуратура органдарымен бірге арнайы операция барысында киік мүйіздерін заңсыз өндіру және сату арнасын ұйымдастыруға қатысты адамдар тобын қылмыс үстінде қолға түсірді. Құнды тауардың ірі партиясын саудалау әрекеті кезінде Маңғыстау өңірінің қылмыстық әлеміне қатысы бар бұрын сотты болған екі адам ұсталды, — деп жазды ведомство.

Комитет таратқан мәліметке сәйкес, мемлекетке млрд теңгеден аса залал келтірілгенін және Қазақстандағы ақбөкендердің таралуына едәуір кесірін тигізгендерін дәлелдейтін айғақтар жинақталды.

Сотқа дейінгі тергеу аясында қылмыстық кодекстің 339-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша заңға қайшы әрекеттің өзге де қатысушыларын анықтауға бағытталған жедел тергеу іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.