23 жастағы Нұрсая Өмірсерік - елдегі ірі компанияның бірі Huawei-дің қызметкері. Жас маман жұмысқа шақыртуды Huawei ақпараттық-коммуникацялық технологиясы академиясы арқылы алған екен. Бұл қандай академия? Бағдарлама жастарға қандай мүмкіндік береді? Baribar.kz Нұрсаямен осы және басқа тақырыптарда әңгімелесті.

— Өзіңіз жайлы айта отырсаңыз. Huawei-ге қалай келдіңіз?

— Университетте 4-курс оқып жүргенімде Huawei компаниясының ақпараттық-коммуникация технологиялар (АКТ) сайысы туралы естіп, оған қатысып, үздік он адамның бірі атандым. Компания жеңімпаз студенттерді өзіне немесе серіктес компанияларына жұмысқа алады -екен. Маған Huawei-ден жұмыс ұсынылды. Үш кезеңнен тұратын сұхбаттасудан кейін ресми түрде қабылдандым. Қазір Huawei компаниясында АКТ академиялары және сертификаттау бойынша менеджермін. Мұнда жұмыс істеп жүргеніме бір жылдан асты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Неге дәл осы компанияда жұмыс істеуді жөн санадыңыз? Жұмысыңыз несімен ұнайды?

— Huawei — дүниежүзіндегі АКТ инфроқұрылымын және интеллектуал құрылғыларды жеткізуші табысты компанияның бірі. Қазір бұл компания әлем бойынша үздік 10 жұмыс берушінің қатарына енді. Оның үстіне мұнда мүмкіндік көп: қызметкер дамиды, білім көкжиегін кеңейтеді.

Бұл қызметте түрлі мәселе мен кедергіні шешу барысында көп тәжірибе жинаймын. Менеджер ретінде еліміздегі жоғары оқу орындарымен, серіктестерімізбен үнемі байланыстамын. Маған түрлі адаммен коммуникация орнату, даму кезінде жаңа шешім жолын табу, жаңа дүниемен танысу қызық.

— Huawei қазақстандық университеттермен тығыз байланыс орнатып, жас таланттарға қолдау көрсетумен үнемі айналысып келеді. Бұл қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

— Жылдан-жылға технологиялар қарқынды дамып жатыр. Осыған байланысты қазіргі кезде жұмыс орны көп, бірақ кәсіби маман тапшы. Сол себепті біз үшін жастарды дамыту, олардың біліктігін арттыру өте маңызды.

— HAINA академиясы деген не? Мақсаты қандай, қоғамның цифрлық сауатын көтерудегі ролі қандай?

— HAINA академиясы қазір Huawei АКТ академиясы деп аталады. Ол — ғылыми жоғары білім беру жобасы. 2013 жылдан бері ақпараттық-коммуникация технологиялар саласында жоғары білікті мамандар даярлаумен айналысады. Осы бағытта біз жоғары оқу орындарымен бірлесіп зертханалар ашамыз. Онда студенттер нарық талабына сай жоғары технологиялармен білім алып. сертификатқа ие болады. Сонымен бірге оқытушылар да біліктілік деңгейін жоғарылата алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— HAINA аясында қандай университеттер Huawei-мен әріптестік орнатқан?

— Ең алғашқы академияны Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде аштық. Қазір академия Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Атыраудағы жалпы 13 университетте жұмыс істейді.

— Huawei-дің білім беру бағдарламаларына студенттер қатыса алатынын білеміз. Ал талантты оқушыларға мүмкіндік бар ма?

— Біздің курстар жоғары оқу орындарына үшін арнайы жасалған және ол тереңдетіліп оқытылады. Сол себепті әзірге академия университеттер мен колледждерде жұмыс істейді. Ал талантты оқушылар мен АКТ-ға қызығатын кез келген адам біздің Huawei talent online порталына тіркеліп, курстарды оқи алады. Бағдарлама қолжетімді.

ICT Competition және Seeds for the Future жобалары жайлы толығырақ айтып беріңізші. Ерекшелігі неде?

— Huawei компаниясы АКТ академиясы шеңберінде түрлі халықаралық сайыс пен белсенді шаралар өткізеді. Huawei ICT Competition сайысында студенттер біздің технологиялық бағыттар бойынша білімін көрсетеді. Студенттер түрлі тест тапсырмасын және зертхана жұмысын орындайды. Ең бірінші мемлекеттік, екінші аймақтық, кейін халықаралық деңгейде бақ сынасып, бағалы сыйлық жеңуге мүмкіндігі бар.

Былтыр бұл бағдарлама алтыншы рет өтті. Оған 82 елден 150 мыңнан астам студент қатысты. Жоба мақсаты — дарынды жастарды қолдау, ақпараттық-коммуникация саласын дамыту, ғылыми және қолданбалы қызметті ынталандыру.

Seeds for the Future — ақпараттық-коммуникация технологиялар саласындағы теория мен практика арасындағы олқылықтарды толтыруға және қажет дағдыларды игеруге көмектесетін бағдарлама. Жоба әлем бойынша алғаш рет 2008 жылы Таиландта бастау алған. Ал біздің елімізде 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жалпы бұл бағдарлама жергілікті таланттарға шабыт береді, білім алмасу аясын кеңейтеді, цифрлық қауымдастық құруға шақырады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Huawei-дің білім беру жобаларының даму жоспары қандай? Жаңа бағдарламалар қай бағытта болады?

Huawei-дің білім беру жобаларының мақсаты —жас таланттарды көбірек қамту, оларға білім беру, қолдау көрсету. 2024 жылға дейін ақпараттық-коммуникация технологиялары саласындағы сертификатталған миллион маман дайындауды жоспарлап отыр.

Биыл Huawei компаниясы мен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі меморандумға қол қойды. Осы құжат АКТ саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Сонымен бірге ол экономиканың түрлі саласының цифрландыруын дамытуға, инфроқұрылымын нығайтуға, ҚР ғылыми-зерттеу әлеуетін көтеруге бағытталған. Осыған орай біздің компания әлі талай жұмыс атқарады.

— Huawei-де жұмыс істегісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Біріншіден — білім. Жастар әрдайым білім алудан, ізденуден жалықпауы керек. Екіншіден, университет, компаниялардың беріп жатқан мүмкіндіктерін пайдалануы қажет. Өтіп жатқан сайыстарға қатысып,  білімі мен қабілетін көрсете білгені жөн. Үшіншіден, коммуникация құралы — тіл. Халықаралық компанияларда жұмым істегісі келетін студенттер ағылшын тілін жетік меңгергені абзал. Ағылшын мен технология тілін жақсы білетін талантты студенттерге ірі компаниялардың, әсіресе Huawei компаниясының есігі ашық.

— Әңгімеңізге рақмет!