2016 жылдың желтоқсан айынан бері доллардың теңгеге шаққандағы құны 9 пайызға немесе 28 теңгеге төмендеп, 341-ден 314 теңгеге дейін жеткен. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда ақшасын АҚШ валютасымен жинап отқан қазақстандықтар бірден жылжымайтын мүлік сатып ала бастайды.
“Валюта бағамының құбылуының жылдам боп жатқаны соншалық, тұрғын үй нарығындағы бағаларға әсер етіп үлгермей жатыр. Тиісінше, үй бағасы өзгеріссіз. Ал, үй алуға ақшаны доллармен жинап отырған қазақстандықтар жинағының құнсызданып бара жатқанына алаңдап, енді дереу үй ала бастайды. Мәселен, былтыр желтоқсан айында 50 мың доллар 17 миллион теңге болса, қазір 16 миллион теңгеге дейін арзандап кетті. Ал, баспана бағасы болса әлі өзгерген жоқ”, – дейді Homsters.kz порталының серіктес сарапшысы Мария Рен.
Мария Реннің айтуынша, екінші деңгейлі нарықтағы үй сатушылары әлі күнге дейін доллармен есептесіп отыр. Сол себепті алдағы уақытта жылжымайтын мүлік нарығында бағалар айтарлықтай төмендеуі мүмкін.