Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді

Бейсенбі, 9 ақпанда, үкімет үйінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Отырыста жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді.

Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізіледі.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек беру туралы тапсырма берген болатын.