Тоқаев қысқы универсиадаға қатысқан спортшыларды құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сіздердің жарқын жеңістеріңіз күллі жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйлады. Дүниежүзілік қысқы универсиадада сіздер шеберлік пен жеңіске деген ерік-жігердің бірегей үлгісін көрсеттіңіздер. Байрақты бәсекеде жастарымыз ел сенімін ақтап, алтын, күміс және қола медальдарға ие болды. Спортшыларымыздың мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізуіне жаттықтырушыларымыз елеулі үлес қосты. Елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр. Құрама командамыздың универсиада ойындарындағы тамаша өнері мыңдаған жасты жігерлендіріп, жеңістерге бастайтыны анық, – деп жазылған құттықтау хатта.

Президент Қазақстанның студенттер құрама командасының биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Еске салайық, АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен ХХХI қысқы универсиада ойындары аяқталды. Қазақстан бұл додада 11 медаль алып, 11-орынға жайғасты. Студенттеріміздің қоржынында 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль бар.