Шаңғышы 15 шақырымдық еркін стильдегі масс-стартта қола жүлде алды.
Шаңғы жарысынан Қазақстан атынан алты спортшы қатысқан болатын, бірақ тек Ксения Шалыгина нәтиже көрсетті. Эстониялық шаңғышы Мариэль Пуллес универсиада чемпионы болды. Ал америкалық Кендалл Крамер Ксенияны +0.4 секундқа озып, күміс жүлдеге ие болды.
Ксения Шалыгина үшін бұл — қазіргі студенттік ойындардың екінші жүлдесі. Бұған дейін ол Қазақстан құрамасындағы әріптестерімен эстафетада тұғырдың үшінші сатысына көтерілген еді. Онда оған Айша Рақышева мен Надежда Степашкина көмектесті.
Осы уақытқа дейін 11 медальмен Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 11-орында тұр. Студенттеріміздің қоржынында 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль бар.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені биатлоншы Вадим Куралес алып берді.
Қалыпты трамплинде шаңғымен секірген спортшы Данил Васильев те алтын алды.
Биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков алтын, Александр Мухин қола алған еді.
Шаңғы жарысынан эстафетадан Қазақстан қыздар құрамасы үшінші келді, ал трамплиннен шаңғымен секіру спортында ерлер командасы күміс жүлдеге ие болды.
Еліміздің шорт-трек бойынша құрамасы күміс алды. Биатлоншы Александр Мухин масс-стартта екінші болып, күміс медаль тақты.
Қысқы универсиадада Қазақстанның хоккей бойынша студенттер құрамасы қола медаль алды.