12-22 қаңтар аралығындағы универсиадаға 50-ден астам мемлекеттен 1 643 студент-спортшылар жиналып, 12 спорт түрінен өнер көрсетеді.
Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды. Студенттік спорт тарихында біздің спортшылар 2017 жылы Алматыда өткен универсиадада ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Еліміздің ұлттық құрама командасы алғашқы хоккей ойынында үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске бір адым жақындады.
Қазақстандық студенттер спортшыларымызға әлеуметтік желіде қолдау көрсетіп жатыр.
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің экономикалық және гуманитарлық-педагогикалық факультеттерінің студенттері Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған челленджге қатысты.
Универсиадаға қатысушылар арасында А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері, биатлоншылар Мухин Александр, Тұрлыбеков Бекентай, Егорова Полина, Скрипкина Алина бар.
Отанымыз Қазақстан әлемдік аренада туымызды желбіретіп, XXX бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарынан жеңіспен оралады деген сенімдеміз! Қазақстан, алға! Біз жеңісіңе сенеміз!
Алматылық студенттер де универсиададағы командамызды қолдап бейнебаян түсірді.
Біз, Абай жастары сіздермен біргеміз!
Айта кетейік, АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадада Қазақстан құрамасы үздік үштікке енді.
15 қаңтарда универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын түскен болатын. Биатлоншы Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды.
Ал 17 қаңтарда Данил Васильев 257,3 ұпаймен қалыпты трамплинде шаңғымен секіру бойынша үздік атанды.
19 қаңтарда қазақстандық биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков алтын медаль жеңіп алды.
Медальдар кестесінде Қазақстан спортшылары үш алтын, бір қола жүлдемен үшінші орынға көтерілді. Алда Жапония (он төрт алтын, тоғыз күміс, үш қола) және Финляндия (үш алтын, бір күміс, бір қола) құрамасы келеді.