Қазақстанда жаңа сейсмологиялық бақылау орталығы пайда болады

Бұл туралы үкімет қаулысы шықты.

«Сейсмология институты» ЖШС және «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» заңнамада белгіленген тәртіппен «Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-на біріктіру жолымен оның жарғылық капиталына мемлекеттің 100% қатысуы арқылы қайта құрылсын, — делінген қаулыда.

Орталық қызметінің негізгі бағыттары сейсмикалық қауіпті бағалау, күшті жер сілкіністерін ғылыми болжау, ірі елді мекендер мен стратегиялық нысандардағы сейсмикалық қауіпті бағалау, сонымен қатар Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймақтарында кешенді сейсмологиялық мониторинг жүргізу болады.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, орталықтың жарғылық капиталын қайта құрылған институт пен экспедиция мүлкінің құны есебінен қалыптастыру тапсырылды.

Барлық меншік және пайдалану құқығы төтенше жағдайлар министрлігінде болады.