Басты бетЖаңалықтарҚандыағашта Сирияға...

Қандыағашта Сирияға кетпек болған сегіз әйел ұсталды

Астыртын әрекеттері әшкере болған әрбір екінші әйел бірнеше мәрте тұрмыста болған. Яғни, оларды дін жолын ұстанатын күйеулері талақ еткен.
Ақпарат беруші мешіт қызметкерінің (аты-жөнін жасырын қалдырған) айтуынша Сирия аспақ болған сегіз адамның арасында 17-18 жас аралығындағы бойжеткендер де бар. Күштік құрылымдар аталған сегіз азаматшаның үшеуін жауапқа тартыпты.

Мұғалжар ауданының теолог маманы Темірғали Сейфуллин “бұл – жабық ақпарат”, – деп қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Бірақ ақпаратты жоққа шығарған жоқ. Ал Мұғалжар ауданының бас имамы қазір қызмет бабымен іс сапарға кеткен. Сондықтан бас имаммен байланысу мүмкін болмады. Аудандық ішкі саясат бөлімінен де түсініктеме ала алмадық. Сәлден соң Қандыағаштан өзі хабарласқан теолог Темірғали Сейфуллин “Сіздер мұндай ақпаратты қайдан алып жүрсіздер? Бұл біздің Қандыағашта болған жағдай емес!” деп ақталды.

Қазір шағын қалада ауылдастарының Сирия асып кетпекші болғаны туралы желдей есіп тұр. “Зейнетақының жайымен поштаға барған едім. Кезекте тұрған адамдар сегіз әйел соғысқа кетпек болған-деп шулап жатты. Арасында жап-жас қыздар да бар көрінеді”,-дейді Қандыағаштың Ж. есімді тұрғыны.

Ақтөбеде діни ахуалдың күрделі екендігі ешкімге де құпия емес. Сөйте тұра ресми органдар жауырды жаба тоқудан танбай отыр. Осы аптада дін жолын ұстанатын 20 жастағы жігіттің мектеп оқушысымен неке қидыртпақ болғаны да әшкере болған еді.

Дереккөзkerek-info.kz