Бұл туралы Петропавл әкімі Руслан Аңбаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Түнде Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясында су құбыры жарылды. Қазіргі уақытта учаскеде жұмыстар басталып кетті. Барлық күш жұмылдырылды. Су қысымы алдағы бірнеше сағаттың ішінде қалпына келеді. Жұмыс барысын бақылауда ұстап отырмын, — деп жазды Руслан Аңбаев.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, түнде 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде диаметрі 800 миллиметр суық су құбыры жарылған.
Қазіргі уақытта ақау шыққан жер анықталды. Оқиға орнында «Қызылжар су» ЖШС авариялық бригадасы жұмыс істеп жатыр.
Осы апатқа байланысты Петропавлға Бескөл елді мекені жағынан кіре беріс жабылды. Мамандардың айтуынша, арнайы техника шығарылып, су сору жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Қызылжар Су» ЖШС-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылған су құбырының пайдалануға берілгеніне небары 15 жыл болған. Яғни, әлі ескіре қоймаған.
Қазіргі уақытта Петропавлдың барлық ауданында су бар. Тек апатқа жақын орналасқан Жұмысшы кенті мен «Береке» шағын ауданында су қысымы төмендеген.
Естеріңізге салайық, 1 желтоқсан күні Петропавлдағы М.Жұмабаев көшесінде диаметрі 800 миллиметр су құбыры жарылып, 15 көп қабатты үй мен әлеуметтік, комерциялық нысандар тәулікке жуық сусыз отырды.