Бірнеше жерде қатар жұмыс істеп, арасында сабағы мен кездесуге баратындарға ноутбуктың жеңіл болғаны әрі қуатының көпке дейін жеткені маңызды. Біз шолу жасаған ASUS Zenbook 14 OLED (UX3402) жоғарыдағы екі артықшылығымен қоса, саусақ ізі сканері, ErgoSense пернетақтасы мен NumberPad тачпады қолданушының уақыты мен күш-қуатын үнемдейді.
Baribar Media SMM-менеджері Әділет Есімжан бұл ноутбукты біршама уақыт пайдаланып көрді. Бүгін әріптесімізбен жаңа құрылғыны шолып шығамыз.
Әділет Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің журналистика факультетінде оқиды. Радиода хабар жүргізеді. Ал SMM-маман болып жұмыс істегеніне бір жылдан асты. Оқып жатқан мамандығы мен жұмысы түрлі бағдарламамен жұмыс істеуді талап етеді.
«Қазір ноутбуктың түрі көп, әр құрылғыда аудио мен видеоның сапасы әртүрлі болады. Қолыма жаңа ноутбук түсе қалса, өзім қолданатын бағдарламаны ашып, тексеріп көремін. Жақында қаракөк түсті (Ponder Blue) ASUS Zenbook 14 OLED-пен жұмыс істеудің сәті түсті. Сүйікті түсім болғандықтан, ноутбуктың сырт көрінісі бір көргеннен ұнады», — дейді Әділет Есімжан.
Айта кетейік, құрылғының екі түсі бар, ал дисплей мұқабасының дизайны жапон керамикалық қалпына келтіру өнері — кинцуги бойынша жасалған. ASUS Zenbook 14 OLED-тің ықшам және ерекше дизайны Әділеттің көңілінен шығыпты. Ол құрылғының сырт көрінісі мен жұмыс істеу қабілетін әсем классиканың озық технологиямен үйлесім табуы деп бағалады.
«Core i7 процессорының 12-буыны орнатылған құрылғы жылдам жұмыс істейді. Мен үшін ноутбуктың жылдам қосылып, тез өшкені маңызды. Себебі оқу мен жұмыс арасында шұғыл бітіруім керек шаруалар жиі кездеседі», — дейді ол.
Әділет университет пен кеңсе арасында жүреді. Кейде жаяу, кейде қоғамдық көлікпен немесе таксимен қатынайды. Сол себепті ноутбуктың салмағы жеңіл болғанын құп көреді. Ал ASUS Zenbook 14 OLED-тің салмағы — бар болғаны 1,39 келі.
«Ауыр зат тасу арқаға зиян, ноутбуктың жеңіл болуы өмірімді де айтарлықтай жеңілдетті. Минималист стильде жасалған ASUS Zenbook 14 OLED жеңіл әрі жұп-жұқа, қалыңдығы 16,9 миллиметрден аспайды. Қоғамдық көлікте, таксиде отырып жұмыс істеу ыңғайсыздық туғызбайды. Пост дизайнын жасап, мәтін түзеу үшін ноутбукты кез келген жерде ашып жіберіп, іске кірісемін», — дейді Әділет.
SMM-менеджеріміз атап өткен тағы бір ерекшелік — ноутбуктың тез қуатталып, оның ұзақ уақытқа жетуі. Қуатталған құрылғы автоном режимінде 18 сағатқа дейін қызмет ете алады.
«Кейде бірнеше жұмыстың дедлайны қатар келгенде күні бойы ноутбуктың алдында отыруға тура келеді. Ондайда ноутбукты қуаттауға шамам болмайды. Мұндайда қуат қорының ұзаққа жеткені және тез қуатталғаны маңызды. ASUS Zenbook 14 OLED бұл мәселеде үмітті ақтады», — дейді ол.
Әділетті таңғалдырғаны — құрылғының смартфонға арналған қуаттағышпен де, power bank-пен де қуаттауға болатыны. Қуаттау тетігінің USB С типінде болуы да көптеген қолданушы үшін тиімді шешім.
Жаңа құрылғының тағы бір ерекшелігі — OLED дисплейі. Ол 550 кд/м²-ге дейінгі жоғары жарықтығымен, 100% DCI-P3 кинематографиялық түс гаммасын қамтуымен, жоғары динамикалық диапазон қолдауымен (HDR) және Pantone Validated сертификаты растаған түстерді дәл беру қабілетімен ерекшеленеді.
«NanoEdge тар жақтауының арқасында дисплей жақтауының бар-жоғы білінбейді. OLED дисплейдің түстерді, бояуды көрсету жиілігі теңдесіз екенін бұрыннан білемін. Жаңа ноутбукты қолданғанда тағы бір мәрте көзім жетті. Графикамен көп жұмыс істейтіндіктен түстердің қанық болғаны жұмысымның сапалы шығуына әсер етеді. ASUS Zenbook 14 OLED-тен видео көру, материал жасау заманауи дисплейдің арқасында эстетикалық ләззат сыйлады», — дейді Әділет.
OLED дисплейі көзге зиян жарықты сұйық кристал дисплейлерге қарағанда 70% аз шығарады. Бұған TUV Rheinland Low Blue light және SGS сертификаты дәлел, бұл дисплейдің балалар үшін айтарлықтай қауіпсіз екенін білдіреді.
Дисплейдің қанық кескінін Dolby Atmos аудиоэффекті және смарт аудиожүйе арқасында пайда болатын анық дыбыс толықтыра түседі. Ноутбукты қолданып көрген Әділетке мультимедиа контент дайындағанда OLED дисплейі мен Dolby Atmos жүйесінің ерекшелігі айқын байқалыпты.
«Ноутбуктың дыбысы тап-таза, максимум деңгейге дейін көтеріп те көрдім, жоғары шегіне жеткенде дыбыстың шашырап, жаңғырып кетпейтіні таңғалдырды. Радиода жұмыс істеп көргендіктен дыбыстың тазалығын бірден аңғарамын. Мультимедиа контент жасағанда дыбыстың тұнық шыққаны маңызды. ASUS Zenbook 14 OLED бүкіл талапқа сай. Ноутбуктың осы мүмкіндігін пайдаланып, бос уақытымда фильм, аниме көруді жоспарлап қойдым», — дейді ол.
Кей қолданушы үшін ноутбуктың пернетақтасы аса маңызды емес, бірақ Әділет журналист болғандықтан мәтінмен көп жұмыс істейді. Сондықтан ол пернетақтаның ыңғайлы болғанына назар аударады. Әділеттен ASUS Zenbook 14 OLED-тің пернетақтасы туралы да пікірін де сұрадық.
«ErgoSense эргономикалық пернетақтасында батырмалар тым жоғары не төмен орналаспаған, баланс бар. Бір-бірінен алшақтығы, тереңдік пропорциялары сақталған. Әдетте керек әріпті, символды табу үшін ноутбук тілін қайта-қайта ауыстырғанды ұнатпаймын, бәрі көз алдымда тұрғанын қалаймын. NumberPad тачпады жұмысымды едәуір жеңілдетті, тағы бір артықшылығы – пернатақтада саусақтың майлы ізі қалмайды екен», — деп жауап берді ол.
Саусақ ізі туралы айтқанда, ASUS Zenbook 14 OLED-ті құлыптан саусақ ізімен ашуға болатынын да еске салғымыз келеді. Бір ғана батырмаға саусақ тигізіп, ноутбукты жұмыс процесіне дайындауға болады. Cаусақ сканері адамдар үшін ең қымбат ресурс — уақытты үнемдеуге көмектеседі.
180 градусқа дейін ашылып, иілетін экран қолданушыға ыңғайлы қалыпта отырып та, жатып та, тұрып та жұмыс істей беруге мүмкіндік береді және ноутбукты қандай қалыпта қолдансаңыз да қызып кетпейді.
ASUS Zenbook 14 OLED-те microSD-ға арналған бір, USB-дің С типіндегі екі, бір аудиожалғағыш, бір HDMI және бір USB 3.2-ге арналған ұяшық бар. Әділеттің айтуынша, әртүрлі жағдайда, түрлі бағдарламамен жұмыс істеп, аудио-видео тасымалдайтын қолданушы үшін бұл — таптырмас мүмкіндік.
Әдетте үлкен көлемді видеолармен, көп орын алатын бағдарламамен жұмыс істейтін қолданушылар ноутбуктың жады толып қалғанына шағымданады. Ал ASUS Zenbook 14 OLED-тегі 1 ТБ SSD мен 16 ГБ жады үлкен көлемдегі файлдарды еш қиындықсыз сақтауға мүмкіндік береді.
Жалпы Zenbook сериялы құрылғылар құлау сынағынан өткен және биікте, шектен тыс температурада және ылғалда да жұмыс істей береді. Жаңа форматтағы қуатты ноутбук Қазақстанның құбылмалы ауа райына дәл келетіндіктен нарыққа шығып отыр.
Қорытынды
Шолуымызды қорыта келе, ASUS Zenbook 14 OLED ноутбугының мынадай артықшылықтарын атап айтуға болады:
- салмағы өте жеңіл, 1,39 келі;
- дизайны ерекше әрі ықшам;
- жұқа әрі ыңғайлы;
- жылдам жұмыс істейді;
- тез қуатталады әрі ұзаққа жетеді;
- зиянсыз әрі сапалы OLED дисплейі бар;
- дыбысы таза;
- пернетақтасы мен тачпады өте ыңғайлы;
- қосымша порттары мен сақтау алаңы (жады) көп.