Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі лауазымында қалды

Бүгін ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысу үшін Таразға барды.

Отырыста премьер-министр мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына Әлихан Балқыбеков пен Нұржан Нұржігітовтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды. Дауыс беру қорытындысы бойынша 191 депутаттың 164-і Н.Нұржігітовтің кандидатурасына дауыс берді, 27 депутат Ә.Балқыбековті таңдады.

Нұржан Нұржігітов 1967 жылы туған, білімі жоғары.

1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.Техника ғылымдарының кандидаты, қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.

Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Байзақ ауданы әкімі болған.

2021 жылдың сәуір айында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.