Елімізде қысқы дизель отыны бір жылда 31% қымбаттады

Бұл туралы Energyprom.kz сайты хабарлады.

Биыл қаңтар мен қазан аралығында елімізде 4,6 миллион тонна дизель отыны өндірілген, бұл былтырмен салыстырғанда 9,7% артық. 2021 жылы елімізде өндіріс 6,6%, 5 миллион тоннаға дейін өскен.

Биыл қаңтар мен тамыз аралығының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар дизель отынына сұранысты (ішкі нарықта өткізу және экспорт) былтырғы 97,3% қарағанда, 99,3% қамтамасыз еткен. Осы кезеңде өндіріс 3,6 миллион тонна болған. Ал бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 7,9% артық. Алайда дизель отынының импорты мен экспорты төмен болған: 23,8 мың тонна (былтырғыдан 3,9 есе аз) және 60,5 мың тонна (былтырғыдан 3,4 есе аз). Ішкі нарықта сатылым 3,6 миллион тонна болған, былтырмен салыстырғанда 10,5% артық, — делінген хабарламада.

Биылғы қазанның қорытындысы бойынша дизель отынының бағасы бір жылда 12,5% өскен. Оның ішінде жазғы дизель отыны 1,3% арзандаса, ал қысқы отын керісінше, бірден 30,7% қымбаттаған.

Дизель отыны бағасы Ақтөбе облысында айтарлықтай өскен. Мұнда бір жылда 27,9% көтерілген. Антилидерлер үштігіне Абай (жылына 24,6%) және Шығыс Қазақстан (24,4%) облыстары да кірген. Алматы облысында баға айтарлықтай өспеген, мұнда 0,5%. Шымкент, Жамбыл және Жетісу облыстарында баға бұрынғы қалпында қалған. Түркістан облысында дизель отыны 1,8% арзандаған, — делінген хабарламада.