Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған жеделхатында Ыстамбұлдағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің салдарынан жазықсыз адамдардың құрбан болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Осындай қиын сәтте бауырлас түрік азаматтарының қайғысына шын ниетімізбен ортақтаса отырып, Cізге және жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын, – деп жазылған жеделхатта.
Президент қаза тапқандардың жаны жәннатта болуына және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Еске салайық, кеше Ыстамбұлдың Бейоглу ауданындағы Истикляль жаяу жүргіншілер көшесінде жарылыс болды. Жарылыстан 6 адам қаза болып, 38 адам жараланғаны хабарланды.
ҚР Ыстамбұлдағы бас консулдығы Түркиядағы қазақстандықтарға, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде барынша сақ болуға үндеді.
Қазақстанның шетелдік өкілдігі түрік билігімен байланыста. Зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат жоқ. Ыстамбұлдағы ҚР бас консулдығының байланыс телефоны +90 212 662 53 49.