ІІМ: Мемлекеттік қызметшілер казиноға 507 миллион теңге жұмсаған

Бұл мемлекеттік қызметшілердің, соның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексі ғой. Әрбіріне әділ баға беріледі. Бұл тұлғалар бойынша тергеу жүріп жатыр. Кейбірі ІІМ құрылымында шынымен де жұмыс істемейді, — деді Ахметжанов адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы форумның кулуарында.

ІІМ басшысы шенеуніктердің құмар ойындарға ақшаны қайдан алғаны тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері агенттігі де мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу фактісі бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңбұзушылық анықталған жағдайда нақты шаралар қолданылады.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде айқындалған. Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік биліктің беделіне және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге бармай, кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтап, бірінші кезекте елдің, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуге тиіс, — делінген хабарламада.

Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесі бойынша, казиноға жиі барып тұратын 300-ден астам мемлекеттік қызметші туралы айтылған.

Түрлі мемлекеттік органдардың 305 қызметкері құмар ойындарға 507 миллион теңге жұмсаған. Олардың арасында ішкі істер министрлігінің — 97, қорғаныс министрлігінің — 95, қаржы министрлігінің — 25, сонымен қатар антикор, жоғарғы сот пен әкімдіктердің қызметкерлері бар.