2022 жылдың қыркүйегі аяқталып қалған тұста Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі темекіге қарағанда түтінсіз құрылғылардың зияны төмен екені туралы жаңа баяндамасын жариялады. Осыған орай ниЖевред жобасымен бірлесе отырып, мәселенің мән-жайын талдап көрдік.

Кейінгі деректер не дейді?

Сөз болып отырған баяндаманы әзірлеу барысында ғалымдар темекі, оған балама құрылғылар және шылым шегу кезінде адам тәніне енетін түрлі зат туралы 400-ден астам зерттеуді талдап шыққан екен. Нәтижесінде осыған дейін талай айтылған тұжырым расталып отыр: сарапшылардың темекіні қоя алмай жүрген адамға «осыған өтіп көрсең» деп ұсынатын құрылғыларынан адам ағзасына келетін зиян кәдімгі шылымның зардабына қарағанда 95% төмен.

Айырмашылық неде?

Әрине, вейптің құрамында да никотин бар. Һәм оның темекіге тәуелді қылып, жаман үйрететіні де рас, бірақ жалпы шылымнан келер ең үлкен қауіп никотин емес (тіпті кей жағдайда никотин Альцгеймер және Паркинсон ауруларының асқыну қатерін төмендете алады). Қауіп — темекі құрамындағы 6 000-нан астам алуан түрлі элемент. Мәселен, күшәланы, формальдегидті, ацетонды, сутегінің асқын тотығын айтуға болады. Бұл заттардың басым бөлігі шылымға «сырттан келмейді» – жану барысында бөлініп, темекі түтінінің құрамына «өтеді». Ал осы түтінді жұтқан адамның ағзасына аталған элементтер зиянын тигізіп, түрлі ауру тудырып, оларды асқындырып жібереді.

Міне, осы жану процесінің болмауы түтінсіз құрылғыларды салыстырмалы түрде алғанда залалсыздау қылып отыр, себебі мұндағы темекі 1 100 градус температурасында жанбайды, тек 350 градусқа дейін қыздырылады. Салдарынан құрылғыдан түтін емес, соған ұқсас, бірақ құрамы бөлек бу бөлінеді. Зерттеушілердің айтуынша, вейп қолданатын адамдарда қатерлі ісік, жүрек-қан тамыры және өкпе ауруларының асқынуына алып келетін биомаркерлер кәдімгі темекі тартатын жандарға қарағанда әлдеқайда аз кездеседі екен. Сонымен қатар түтінсіз балама құрылғылар өкпенің обструктивті ауруы белгілерін жеңілдетуге көмектесе алады.

Бас-аяғы жоқ күрес

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекімен күресіп келе жатқанына 30 жылдан асты, бірақ бәлендей нәтиже жоқ: шылымқорлар саны дүниежүзі бойынша да, Қазақстанда да артып келеді. Қазір жер бетінде темекі тартатын 1,3 миллиард адам бар, яғни әр жетінші жан түтін будақтатып жүр. Қазақстанда бұл көрсеткіш —  5,5 миллион, басқаша айтқанда, әр төртінші азамат темекіге үйір болып тұр.

Түрлі мемлекеттің үкіметтері (мәселен, Ұлыбританияның немесе Жапонияның) шылым шегуге біржолата тыйым салатын әдістердің қауқарсыз екенін түсінеді. Діни себептерге байланысты темекіні заңсыз деп таныған жалғыз мемлекет Бутанда шылым өнімдерінің «көлеңкелі саудасы» қызып жатыр: 2019 жылы 13 пен 15 жас аралығындағы бутандық жасөспірімдердің 22,2%-і темекі тартып көрген.

Басқа жол

Қатерлі ауруға ұшырау қаупінің қаншалық үлкен екенін түсініп тұрса да, кей адам шылым шегуді қоймайды. Сондықтан мемлекеттер түрлі әдіс іздеп жатыр, мәселен, Ұлыбритания үкіметі 2030 жылға қарай Англияны темекі түтінінен толық азат ету үшін шылымға балама және зияны аздау дүниелерді зерттеуге кірісіп кетті. Британ ғалымдары қазірдің өзінде пациенттеріне түрлі девайстың көмегімен денсаулыққа тиетін зардапты азайтуды ұсынуды бастап кетті.

Кәдімгі шылыммен салыстырғанда вейптің қаупі төмендеу, алайда ешқандай зиян жоқ деп айтуға келмейді. Дегенмен, зерттеушілердің жазуынша, алдағы уақытта темекіні тастаймын деп жоспарлап жүрген адам үшін электрон құрылғылар таптырмас дүние бола алады, атап айтқанда, оның көмегімен шылымды біржолата қойып кетуге болады. Оның үстіне, аз уақыт ішінде вейптен келетін зиян темекіге қарағанда төмен, қауіпті заттарды да азырақ бөледі.

«Электрон құрылғылар аса зиян» дейтін қоғамдық пікір нақты деректерге қол жеткізіп отырған ғылыми мәліметтерге сай емес. Сол себепті кәдімгі шылымның, оған балама гаджеттердің қаупі туралы расталған ақпаратты халыққа жеткізіп, аталған дүниелерді қолжетімді қыла түсу керек.

Зиянды әдеттер және олардан келетін зардапты қалай азайтуға болатыны туралы көбірек білемін десеңіз, ниЖевред жобасының сайтына өтіңіз. Бұл ресурс осы тақырыпта алуан түрлі пайдалы ақпарат жариялайды, ғылым мен денсаулық саласындағы зерттеулерді бөліседі және басқа адамдардың тәжірибесін тануға мүмкіндік береді.