«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 829 адам баспаналы болды

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қосымша іріктеуге бағдарламаға негізгі конкурстық іріктеу кезеңінде (18 мамыр — 1 маусым аралығы) өтініш берген, алайда құжаттары дұрыс толтырылмауына байланысты өтініштері өтпеген адамдар ғана қатысты.

Өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 2 135 қатысушы өз өтініштерін редакциялап, құжаттарын жаңартты. Барлық келіп түскен өтініштер мен құжаттардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексерілді және әр сала бойынша ең көп жинаған баллдар саны бойынша тізім қалыптастырылды. Іріктелген қатысушылар, резервке енген және қабылданбаған қатысушылардың тізімі www.almaty-zhastary.kz сайтында орналастырылды. Іріктелген 183 үміткерге сайттағы жеке кабинетке «Отбасы банк» АҚ төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар әкімдік «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша кемінде 1 000 несие беру жоспарланғанын, бүгінде бағдарлама аясында 829 адам баспаналы болып, 27-сі баспана іздеп жүргенін хабарлады.