Алматыда Республика күні қалай тойланады?

Отшашу, марафон, ұлттық ойындар фестивалі:

21 қазан күні сағат 11:00-де Қазақстан-Британ техникалық университетінде Республика күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді.

22 қазан күні сағат 12:00-де Қазақстан-Британ техникалық университетінде мемлекеттік және ведомстволық наградалар, алғыс хаттар салтанатты түрде тапсырылады.

22 қазан күні сағат 17:00-де Республика сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты концерт өтеді.

23 қазан күні сағат 7:00-ден 13:00-ге дейін Charity Music Nur жаппай қайырымдылық жарысы өтеді. Жарыс тұңғыш президент саябағынан басталады. Қатысушылардың жоспарланған саны – 1 700 — 2 000 адам. Жарыс келесі қашықтықтарда өткізіледі: балалар жарысы (2 километр – 7-14 жас), скандинавиялық серуендеу (10,5 километр), 10,5 километр жүгіру және 21 километр. Қатысушылардың жиыны сағат 6:00 деп белгіленген.

25 қазан күні сағат 10.00-де «Медеу» кешенінің алдындағы алаңда мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріліп, Әнұран орындалады.

Іле-шала студенттердің «Қыран елім – Қазақстан» флешмобы өтеді.

25 қазан күні сағат 10:00-де «Ұлттық дала ойындары» республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтеді. Орны – Омаров көшесі, 10а мекенжайдағы Алматы ипподромы.

25 қазан күні сағат 17:00-де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана» алаңында мерекелік концерт өтеді.

Концерттен кейін мерекелік салют болады.