Мамандар Ресейден келіп жатқан азаматтарға қатысты ахуалды талқылады

Дискуссия барысында сарапшылар көші-қонға қатысты кейінгі айлардағы ресми статистика айтылды. ҚР ІІМ Көші-қон комитетінің мəліметінше, ел аумағына 2022 жылғы 21 қыркүйектен бері келген  Ресей азаматтарының саны 256 мың болған. Оның 70 мыңға жуығы ЖСН алуға өтініш берсе, 175 мыңы Қазақстан арқылы басқа мемлекеттерге өткені айтылды. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Ресейдің 16 мың заңды тұлғасы тіркелген. Қазақстандағы көші-қон заңнамасы бойынша мигранттар ел аумағында 90 күн ішінде уәкілетті органдардан тұрғылықты мекендеуге рұқсат алуы керек.

Дискуссияға қатысқан мамандар Ресейден көшіп келгендердің көбі еліміздің батыс бөлігіне қоныстанғанын айтып отыр. Оралға қыркүйектен бері 57 мың ресейлік келіп, оның 2 мыңы батыс шекара арқылы өзге елдерге аттанған. 

Мамандар елімізге келген Ресей азаматтары маман тапшылығын шешуге ықпал ететінін айтты. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мəлімдемелеріне қарағанда, біздегі медицина  саласына сапалы кадр жетпейді. Қазақстанда кейінгі бір жылда Ресей азаматтарымен арада жалпы  саны 135 мың, кейінгі екі айда 20 еңбек 500 келісімшарты жасалған. 

«Уральская неделя» басылымының бас редакторы Тамара Еслямова Батыс Қазақстан облысындағы Ресей мигранттары арасында сауалнама жүргізген. Оның нəтижесіне қарағанда, сұраққа жауап бергендердің 30%-і Қазақстан аумағында тұрақтап қалуды жоспарлап отыр. Ал 14%-і Ресей мен Украина арасындағы түйткілдер шешіле салысымен үйіне оралмақ. Қалған 56%-і Еуропа елдеріне көшуді қалайды. Сауалнамаға қатысқандардың 10%-і жұмысқа орналасқанын, 28%-і жұмыс іздеп жатқанын айтқан.

Өзге мемлекеттен пана іздеп келген ресейліктер есебінен пайда тапқысы кеп жатқандар бар. Кәсіпкерлердің кейбірі пəтер жалдау мен такси ақысын əдейі көтерсе, енді бірі ұялы байланыс карталарын қымбаттатқан. Ресей азаматтарының өзі 3500 рет құқық бұзғаны анықталып отыр. 

Данагүл Науханова