БҚО әкімі еріктілер форумына қатысты

Еріктілер қозғалысының дамуына біздің елімізде үлкен мән беріледі. 2016 жылы «Еріктілік қызмет туралы» заң қабылданып, әрдайым көмекке асығатын, ізгі жүректі жандардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері және оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері бекітілді. 2020 жыл ҚР президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда еріктілер жылы болып жарияланды. Еріктілер, әсіресе, елге қауіп төндірген пандемия кезінде жұмылып жұмыс істеп, қиындықтарды бірлесіп еңсеруге елеулі ат салысқанын да айтуымыз қажет.

Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында өңір басшысы облыс жастарына арналған мәдени, спорттық, әлеуметтік, ғылыми, бизнес бағытындағы іс-шараларға тоқталып, жастарға әрқашан мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Жиынға қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Еріктілер қызметінің басқа қызметтерден айырмашылығын білдіретін 4 белгісі бар. Біріншіден, ерікті өзінің отбасынан тыс қоғамға пайда келтіруі тиіс. Екіншіден, ерікті бұл салаға мәжбүрлеусіз өз еркімен келеді. Үшіншіден, еріктілердің қызметіне ақы төленбейді. Төртіншіден, еріктілер командада жұмыс істейді. Сіздердің бойларыңыздан осы айтылған қасиеттердің бәрі табылады. Қоғамға тигізетін пайдаларыңыз, көмектеріңіз ұшан-теңіз. Сол үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін, — деді Ғ.Есқалиев кездесу барысында.

Айта кету керек, облысымызда мемлекеттік жастар саясатының жас буыны саналатын 7000-ға жуық ерікті бар. Биыл белсенді жастардың қатысуымен екі мыңнан аса іс-шара және 300 – ден астам акциялар өткізілген. www.volunteer07.kz сайты толыққанды жұмыс істеп тұр. Осы сайтқа халықты толғандыратын мәселелерді шешуге жәрдемдесуге ниетті кез келген азамат тіркеле алады.

Алдағы уақытта «Ақжайық волонтерлік корпусына» 5 жыл толуына орай еріктілерді марапаттау кеші өткізілмек. Сонымен қатар түрлі қайырымдылық шараларынан тұратын апталық өткізу жоспарланып жатыр.