— Ирина ханым, сайлауда кімдер тәуелсіз бақылаушы бола алады және оған қандай талаптар қойылады?
— Қазақстан заңнамасында «тәуелсіз бақылаушы» деген нақты түсінік жоқ. Біздің елде сайлау барысын саяси партиялар, қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдар бақылайды. Cайлау кезіндегі тәуелсіз бақылаушылар — осы қор не ұйымның атынан келіп отырған және олардың аккредитациясынан өткен азаматтар.
Заң бойынша, сайлау процесіне қызығатын немесе оған үлесін қосқысы келетін 18 жастан асқан Қазақстанның кез келген азаматы тәуелсіз бақылаушы бола алады. Тәуелсіз ерікті болу үшін ең әуелі сайлауды бақылауға қатысатын қор, ұйым не партияның іріктеуінен өту керек. Әр партия яки ұйым тәуелсіз бақылаушыны өз миссиясына байланысты таңдайды. Мысалы, біздің, «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қорының мақсаты — жастарды қолдау. Сол себепті бақылаушыларды іріктегенде көбіне 18-35 жас шамасындағы азаматтарды таңдауға тырысамыз. Бүгінге дейін біздің қор атынан сайлауларға қатысқан тәуелсіз еріктілер — 18-25 жастағы азаматтар. Дегенмен барлық ұйым іріктеуде азаматтардың ынтасына баса назар аударады. Олар оның не себепті сайлау процесіне қатысқысы келетініне, мақсатына мән береді.
Ұйымдар іріктеп, таңдап алған адамдарды тәуелсіз бақылаушы болуға дайындайды, олардың білімін жетілдіреді. Себебі сайлауды бақылау — күрделі процесс. Адам кем дегенде сайлауға қатысты заңдарды, өзін өзі ұстау ережелері мен этикасын білуі қажет. Оған қоса, бұл жұмыс физикалық әрі моральдық күшті қажет етеді. Бақылаушы 06.00-ден 00.00-ге дейін учаскеде жүреді. Кейде дауысты санаумен және басқа да жұмыспен айналысып, таңға дейін отыруы да мүмкін. Ал мұның бәрі үлкен күш-жігерді талап етеді.
Сонымен бірге тренинг кезінде олардың ақпаратты қабылдау машығы, заңды қаншалықты дұрыс сақтайтыны қадағаланады. Олардың психологиялық та, басқа да қабілеті, мінез-құлқы зерттеледі. Бақылаушылар осы дайындықтардан кейін ғана аккредитациядан өтеді.
Ал құжатқа келсек, тәуелсіз бақылаушының Қазақстан Республикасының азаматы екенін растайтын жеке куәлігі және аккредитациядан өткені жөніндегі құжаты болуға тиіс. Сонымен бірге сайлау кезінде өзіне керек болатын бейджик, блокнот сияқты заттар да бар.
Тәуелсіз бақылаушының негізгі міндеті — сайлау кезінде заңның сақталауын қадағалау. Ол заң баптарын жаттап қана қоймай, сол күні учаскеге сайлауға қатысты заң ережелерін қағазға басып шығарып апарады.
Тәуелсіз еріктінің басты құралы — көз. Ол сайлаушының есіктен кірген сәтінен бастап тіркелуін, бюллетень алуын, кабинаға кіруін, яғни әр қадамын бақылауға тиіс. Осылайша, сайлаудың заң бойынша өтуіне ат салысуы керек.
— Бақылаушы заңсыздықты байқаған жағдайда қалай әрекет етуі керек?
— Тәуелсіз бақылаушы сайлау кезінде қандай да бір азаматтың заң бұзғанын көрсе немесе заңбұзушылық болайын деп жатқанын байқаса, бірден сайлау комиссиясының төрағасына хабарлап, мән-жайды айтуы қажет. Ал комиссия оның алдын алуға тырысуы немесе тоқтатуы керек.
— Ал сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушының құқығы бұзылса, қайтпек керек?
— Заңнамамыздың 22-бабында бақылаушының құқығы мен міндеті жазылған. Тәуелсіз бақылаушыларды дайындау барысында біз осы заңды егжей-тегжейлі қарастырамыз. Соған қарамастан сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушының құқығы өте жиі бұзылады. Сайлаудағы заң бұзушылықтың 20-30%-і — тәуелсіз бақылаушының жұмысына кедергі келтіру, оларға міндетін толық атқаруға мүмкіндік бермеу.
Тағы бірі — сайлау басталмас бұрын бақылаушыны учаскеге кіргізбей жатады. Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы кейінгі сайлауда аккредитацияға қатысты қосымша жаңа ережелерді бекітті. Оған сәйкес, ұйымдар өзінің жарғысын, сайлауды бақылаудағы басты мақсатын жазып және тағы басқа Egov сайтынан қажет құжаттарды жүктеп, тапсыруға міндеттеді. Біздің ұйым атынан тіркелген бақылаушылардың құжат тізімі толық болмағаны үшін ғана заңдылықты қадағалау мүмкіндігінен айырылған еді.
Сайлау күні таңертең көбінің көңіл-күйі көтеріңкі болады, жаңалық ленталарында да сайлаудың басталғаны, комиссия өкілдерінің жұмысқа қарқынды кіріскені, сайлаушылардың белсене дауыс беріп жатқаны жазылады. Алайда түстен кейін ахуал өзгеруі әбден мүмкін. Сайлау жұмысымен айналысып жүргендер шаршай бастайды. Кей комиссия мүшесі тәуелсіз бақылаушының қырағы қадағалап отырғанын ұнатпайды. «Саған не жетпейді?», «Тыныш отырсаңшы» деп сөгіп жатады. Кешке қарай бұл жағдай одан әрі ушығуы мүмкін.
Мысалы, бұған дейін кейбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушылардың жүріп-тұруын шектеген жағдай болған. Комиссия өкілдері тәуелсіз бақылаушыны бір орындыққа отырғызып, қызыл лентамен қоршап, одан өтуге тыйым салған. Тәуелсіз бақылаушы қарсылық танытқан жағдайда оған ескерту жасайтын. Тіпті психологиялық қысыммен қоса, физикалық күш те көрсетеді. Мәселен, қолынан ұстап сайлау учаскісінен шығарып жіберу, балағаттау деген сияқты жағдайлар болған. Ал тәуелсіз бақылаушының көбі — жастар. Құлшынып келгендер мұндай жағдайдан соң сынып қалуы мүмкін. Бірі жылап қалады, енді бірі қатты уайымдайды. Дегенмен әр ұйым өзінің қарамағындағы бақылаушыларды осы тектес жағдайға алдын ала дайындауға тырысады.
Комиссия төрағасы заңбұзушылықты тоқтатпаса немесе оны елемесе және сайлау процесін қадағалаушының құқығын бұзса, онда тәуелсіз бақылаушы акт толтырып, комиссия мүшелерінің қолын қойғызуға тиіс. Бақылаушының заңбұзушылықты фотоға, видеоға түсіруге құқығы бар. Қолында дәлелдер мен дәйектер болса, актінің жанына қосып, оны орталық сайлау комитетіне, қалалық комиссияға және сотқа жолдап, іс қозғатуына болады.
— Осыған дейінгі сайлауларда тағы қандай заңбұзушылықтарға куә болдыңыздар?
— Өкінішке қарай, сайлау кезіндегі құқықбұзушылық статистикасы өзгеріссіз қалып отыр. Атап айтарлықтай оның саны көбейіп те кетпейді, бірақ төмендемейді де. Мысалы, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің бақылаушылары 2021 жылғы парламент сайлауында 181 учаскені қадағалады, оның ішінде 117 хаттаманы тексерді. Бақылаушыларымыз сайлау учаскесінің есігінен кірген әр сайлаушыны жазып, түгендеп отырды. Кейін оны сайлауға қатысқандардың ресми тізімімен салыстырды. Кейде бұл мәлімет ұқсас, кейде айырмашылықты байқап жатамыз. Оған қоса, сайлау барысындағы заңбұзушылықтарды да қарастырамыз. Мәселен, 2021 жылғы сайлауда 194 заңсыз әрекетті тіркедік.
Жоғарыда айтқанымдай, сайлауда тәуелсіз бақылаушының құқы жиі бұзылады. Дегенмен одан басқалар заңсыз әрекеттер бар. Мәселен, бір сайлаушының бірнеше адамның атынан дауыс беруі, бір бума бюллетенді жәшікке салуы сияқты жағдайлар да болған. Әрине, бұл сияқты заңға қайшы әрекеттер сирек кездеседі, бірақ жоқ емес. Көп жағдайда мұндай заңсыздықты байқағанда оны дереу фотоға не видеоға түсіріп алу қиын.
2016 жылғы парламент сайлауында бақылаушыларымыз бір сайлаушының он шақты азаматтың атынан дауыс беріп, бюллетендерді жәшікке біртіндеп салып жатқанын көрді, оны камерасына да түсіріп алған. Кейін бұл видео әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Сол учаскеге полиция қызметкерлері, журналистер барды, бірақ ең өкініштісі — құқық қорғау органдары, комиссия өкілдері сайлаушының бұл әрекетінен гөрі тәуелсіз бақылаушыны тергеген.
Дауыс беруге арналған кабинаға бірнеше адам болып немесе балаларымен кіріп алатындар да бар. Енді біреулері өзі тіркелмеген учаскеде және тағы басқа учаскеде бірнеше рет дауыс береді. Тіпті мынадай жағдай да болды: адамдар топ болып бір автобусқа отырып, бірнеше учаскені аралап, дауыс берген. Біз мұны «әткеншек» деп атаймыз. Комиссия мүшелері, тәуелсіз бақылаушылар олардан «Кімсіздер», «Неге топ болып жүрсіздер?» деп сұрауға құқы жоқ, бірақ оларды бақылауға, басқа учаскедегі комиссия өкілдеріне хабарласып, ескертуіне болады.
Азаматтардың осылай топ боп жүруін әлдекімнің ұйымдастыратыны анық. Олардың мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, университет басшылығы студенттерді дауыс беруге, кейін есеп беруге міндеттейді екен. Сол себепті сайлау күні таң атпастан студенттер ағылып келеді. 2012 жылы ҚазҰУ студенттері таңғы уақытта сайлау учаскесіне топ-топ болып келген. Олар холға сыймай, терезені шағып, адамдар жарақаттанған еді.
Бір қызығы, кей депутаттың сайлаудағы заңсыздықтарға қатысты статистика туралы ұстанымы таңдандырады. Олардың ойынша, тәуелсіз бақылаушылар, оларды дайындайтын ұйымдар халықаралық ұйымдарға жұмыс істейді. Сайлау кезінде заңсыз әрекетті көп тіркеуіміз де күмәнді екенін, бұған халықаралық ұйымдар әсер ететінін алға тартып отыр, бірақ бұл статистика нақты хаттама бойынша жасалады. Біз сандарды, мәліметтерді ойдан шығара алмаймыз. Комиссияның көк мөрі қойылған хаттамасы бойынша жұмыс істейміз. Тәуелсіз бақылаушы қоғамның айнасы сияқты, көргенін сол қалпында басқаларға көрсетеді. Бақылаушы ештеңені ойынан құрастырмайды, оның әр сөзіне дәлел бар.
— Елдегі осыған дейінгі сайлау науқандары қалай өтіп еді? Сіздің ойыңызша, қандай да бір сайлауды әділ әрі ашық өтті дей аламыз ба?
— Жалпы сайлауды бағалау үшін тек сайлау күні емес, оған дейін дайындық барысын, партиялардың қатысуы, үміткерлердің тең құқыққа ие болуына назар аударуымыз қажет деп ойлаймын.
Біріншіден, еліміздегі барлық дерлік сайлау конституциялық мерзімінен бұрын өтті. Бұл жолы да кезектен тыс сайлау өткелі жатыр. Қазақстанның дәл осы тәжірибесі көп сынның астында қалады, себебі бұл мемлекеттің белгілі бір жағдаяттардан қорқатынын, одан қашуға тырысатынын көрсетеді. Оған қоса, мемлекет сайлаудың не себепті мерзімінен ерте өтіп жатқанын да егжей-тегжейлі түсіндірмеді.
Негізі сайлау конституциялық мерзімге сай өтсе, үміткерлер де, тәуелсіз бақылаушылар да алдын-ала дайындалуға мүмкіндігі болар еді. Ал бұл нәрсе сапаға үлкен әсер етеді.
Екіншіден, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтар Қазақстанда нағыз оппозиция өкілдерінің президенттікке үміткер атануға мүмкіндігі жоқ екенін баса айтады. Өкінішке қарай, кандиданттың көбі әдемі фонға арналған фигуралар сияқты.
Үшіншіден, біздің сайлауларда барлық үміткердің жағдайы тең емес. Өкінішке қарай, әр сайлауда белгілі бір Х мырза басқаларға қарағанда үстемірек болады. Оның партиясы ауқымды, жарнамасы да мықтырақ. Міне, елдегі сайлаулардан осы мәселелерді жиі байқаймыз.
2019 жылы өткен президент сайлауы есімде қалыпты. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Қасым-Жомарт Тоқаевты бірден өзінен кейін ел тізгінін ұстауға сенімді адам ретінде таныстырып кетті. Ол мәлімдемеден кейін басқа үміткерлерге онымен күресу қиынға соққаны анық. Дегенмен саяси жүйеден, бір ғана адамның билеуінен шаршаған азаматтар Әміржан Қосановқа сенім артты. Сол сайлауда да біз бақылаушы болдық. Сайлаудан кейін кешкі сегіздерде кеңсеге келіп, хаттаманы тексеріп, халықтың басым бөлігі Тоқаевқа қарағанда Қосановқа дауыс бергенін байқағанда өз көзімізге өзіміз сене алмадық. Біз сол кезде Қазақстанда тарихи кезең басталғанын, бұған дейінгі сценарийдің бұзылғанын түсіндік. Біз сол кезде тірілгендей болдық. Сайлау әділ өтетін шығар немесе сайлаудың екінші кезеңі болатын шығар деп күттік. Алайда өкінішке қарай, бұрынғы арнаға қайта түстік.
— Алдағы кезектен тыс президент сайлауына қатысты қандай да бір болжамыңыз бар ма? Биліктің бұл жолғы сайлау науқанын ашық әрі әділ өткізуге ниеті байқайсыз ба?
— Бүгінге дейін тәуелсіз бақылаушылар қай учаскеде қадағалайтынын сайлау күні ғана білетін. Оларды комиссия мүшелері де танымайтын. Алдағы сайлауларда осы мәселеге қатысты ережерлерге өзгеріс енгізу туралы ұсынысты айтылып жатыр. Мемлекет әр учаскеге алдын ала нақты тәуелсіз бақылаушыларды бекіту керек депті. Бұл ереже әлі қабылданбады, біз бұған қарсымыз. Себебі тәуелсіз бақылаушыны алдын ала бекіту, комиссия мүшелерінің мұнан хабардар болуы сайлаудың әділ өтуіне кесірін тигізеді деп ойлаймын.
Қазіргі жастар да сайлаудың ескі сценариймен өткеніне көнбейді және оның ашық әрі әділ өтуіне үлес қосқысы келеді. Сол себепті тәуелсіз бақылаушы барлық жағынан еркін болуы қажет.