Абай облысында қаза болған өрт сөндірушінің отбасына «Айбын» ордені табысталды

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев пен ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Жарма ауданындағы дала өртін сөндіру кезінде күйік шалып, қаза болған өрт сөндірушінің отбасымен кездесті.

Айдос Тоғызбаевтың батылдығы, қайсарлығы мен өз қызметіне адалдығы баршамызға үлгі-өнеге болып қала бермек. Абай облысы тұрғындарының атынан марқұмның жолдасына, туған туыстарына тағы бір мәрте қайғырып көңіл айтамын, — деді облыс әкімі.

Кездесу барысында марқұмның отбасына ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені мен 3 бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жалын шарпыған аумақ 5 000 гектарға жеткенін хабарлаған болатынбыз. Абай облысының Жарма ауданында 3 өрт сөндірушіні күйік шалып, оның бірі қаза болған еді.