Оралдық 17 жасар қыз Мария Бровкова әлем чемпионы атанды

Машаны кішкентай кезінде анасы Елена жаттықтырған болса, қазір ол астанадағы республикалық олимпиадалық орталықтың бапкері Сергей Тиуновтың қарамағында жаттығуда.

Жарыс күндері шынымды айтсам қатты толқыдым. Себебі, бұл менің әлемдік аренадағы алғашқы ірі жарысым болатын. 1 000 метр қашықтыққа жарысқа барымды салдым. Мәреге бірінші болып жеткенде басыма ең алғаш келген ой «Мен жеңдім!» болды. Қуаныштан көзіме жас тығылды. Келесі күні сәттілік тағы серік болып, 500 метр қашықтықта үшінші нәтиже көрсеттім. Әрине, жарыс алдында чемпион боламын деген ойым болған жоқ, жүлдеге іліксем де жақсы ғой деген едім. Міне, нәтижем ойымнан да асып түсті, — дейді жас чемпион.

Маша каноэден отандық спортшылар арасында әлем биігін бағындырған тұңғыш спортшы екенін айта кетуіміз керек. Бұған дейін ол биылғы жылдың көктемінде Тайланда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атаныпты.

М.Бровкова каноэ есумен жетінші сыныптан бері айналысады. Күні кешеге дейін ҚР спорт шебері атағы болса, дүниежүзілік жарыс қорытындысымен енді оған халықаралық дәржедегі спорт шебері атағы берілуі тиіс. Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатын биыл тәмамдаған Маша қалалық әкімдіктің гранты негізінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың дене шынықтыру бөліміне оқуға түскен.

Маша биылдыққа тек екі рет Оралға, үйге келді. Бір рет мектепке ҰБТ тапсыруға келсе, екінші мәрте универитетке құжат жинап, емтихан тапсыруға келді. Қазір бәрі ойдағыдай. Бұйырса, алда үлкен жарыстар күтіп тұр, соларға дайындаламыз, — дейді чемпионның анасы Елена Бровкова.

Дүниежүзілік додада ел намысын бермей, жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтеріліп, Қазақстанның туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатқан Марияны жерлестері үлкен қуанышпен күтіп алып, жылы лебіздерін арнады. Әсіресе, өзін кішкентай кезінен баулыған спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ұстаздары мен тәрбиеленушілерінің ыстық ықыластары ерекше болды. Жеңістен жеңіске жете бер, чемпион!