Ерсұлтан Ерманов: ІТ-ді дамыту тек кәсіби маманның білігімен емес, халықтың сауатымен де өлшенеді

Қазір Қазақстанда 75-тен астам жоғары оқу орны және 300-ден астам колледж IT-маман дайындайды. Жыл сайын шамамен 15 000 маман диплом алады.

«Оқу орындары дайындаған IT-мамандар, өкінішке қарай, нарық талаптарына сай келмейді. Мұны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жыл сайынғы рейтингі де растап отыр. Әсіресе, өңірлердегі жоғары оқу орындары түлектерінің мамандық бойынша жұмысқа орналасуы 30%-тен де төмен», — дейді Ерсұлтан Ерманов.

Қазір министрлік баламалы білім беруге көңіл бөліп отыр. 2021 жылы өңірлерде жеті жекеменшік инновациялық бағдарламалау мектебі ашылса, биыл тағы бес мектеп пайда болған. Жекеменшік мектеп ашу үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейдегі банктерден жылдық мөлшерлемесі 6% жеңілдікпен несие алуға болады.

«2022 жылы қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізілді, енді бағдарламалау мектептеріне гранттар (ваучерлер) беруге мүмкіндік бар. Әзірше заңнама бойынша Astana Hub бағдарламалау мектептеріне грант беру функциясы қосылды», — дейді министрлік өкілі.

Бағдарламалау мектептеріне 2021 жылы пилот ретінде 100 грант берілген. 2022 жылы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 3 000 грант бөлген, ал 2025 жылға қарай 20 000 грант тағайындауды жоспарлап отыр.

Министрлік 2025 жылға қарай 100 000 білікті IT-маман дайындау үшін мына жобаларды іске асырады:

1) бағдарламалау мектептеріне 20 000 грант (ваучер) бөлу;

2) өңірлерде 20 инновациялық бағдарламалау мектебін құру;

3) 50 өңірлік жоғары оқу орынын профильді университеттер мен IT-компаниялардың қамқорлығына беру;

4) жоғары оқу орындарын, колледждердегі IT-факультеттердің рейтингін жүргізу және трансформациялау.

«Цифрлық сауат деңгейін арттыру үшін министрлік жаңа тұжырымдама әзірледі. Онда халықтың цифрлық сауатын арттыру бойынша жаңа тәсілдер енгіздік», — дейді министрлікке қарасты департамент директоры.

Ал 2021 жылы министрлік экономика саласындағы кәсіби стандартқа цифрлық сауат бөлімін енгізу үшін арнайы бөлім әзірлеген еді. Бұл бөлім электрон құжатты құру және қалыптастыру, цифрлық байланыс құралдарын қолдану, цифрлық технологияларды қолдана отырып ақпаратты талдау және өңдеу сияқты кәсіби мәселелерді шешу дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді.

Министрлік жоғары оқу орындарындағы 14 IT-факультетті компаниялармен интеграциялау арқылы өңірлерде білікті кадрларды арттыруға, білім беру бағдарламасын жақсартуға және IT саласында профессор-оқытушылар құрамының білігін арттыруға жол ашты.

Қазақстанның ІТ әлеуетін дамыту тек кәсіби мамандардың білігімен емес, халықтың сауатымен де өлшенеді. Департамент директорының айтуынша, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықтың сауатын арттыру үшін мынадай құралдар әзірледі:

1) пікір көшбасшылары мен IT-блогерлерді теледидарға шақыру және сол арқылы цифрлық сауатты насихаттау;

2) цифрлық сауат бойынша әлеуметтік желіге бейнероликтер әзірлеу;

2) оқыту роликтері жарияланатын YouTube-канал ашу.

Бұлардың кейбірі қазірдің өзінде іске асып үлгерген. Мысалы, Telegram-бот пен YouTube-канал пайда болды, онда мына бағыттар бойынша видоероликтер жүктелген:

1) Порталда электрон қызметтерді қалай өз бетінше алуға болады? (eGov.kz және eGov mobile бойынша нұсқаулық);

2) Жеке деректерді хакерлерден қалай қорғауға болады?

3) Смартфондағы электрон құжатпен қалай жұмыс істеу керек?

4) Мобайл қолданбаның мүмкіндіктерін қалай толық пайдалануға болады?

Ерсұлтан Ермановтың айтуынша, бұл халықтың цифрлық сауат деңгейін арттыруға және халықтың барлық тобының цифрлық дағдыларды меңгеруіне жағдай жасайды.