Қостанайдағы орман өрті: қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ

«Қостанай облысындағы табиғи өртке байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің орталық аппаратында жедел штаб құрылды. Дәл қазіргі таңда орман алқабындағы өрттің аумағы 9 мың гектардан асты, жалпы орманның аумағы — 40 мың гектар. Озерное, Аманқарағай, Калинино, Новонежинка ауылдарына өрт тарау қаупі туды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 1 841 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ», — деді Талғат Уәли.

Өрт сөндіру жұмыстарына 51 техника, үш тікұшақ, төрт өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 320 адамы жұмылдырылған. Эвакуацияланған азаматтар Әулиекөл интернат мектебіне орналыстырылған.

«Сонымен бірге Әулиекөл мұнай базасына өрт тарау қаупі туындады. Өрт сөндірушілер әкімшілік ғимаратқа тараған өртті уақытында сөндіріп, дизель отыны және бензин құйылған резервуарларға өрттің тарауына жол бермейді. Сонымен бірге Қостанай облысына қосымша күш пен құрал өзге өңірлерден жіберіліп жатыр. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан және Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысының өрт сөндірушілері барып жатыр», — деді ведомствоның ресми өкілі.