Бір жылда жаңа баспана бағасы 19,6% өсті

Бұл туралы Еnergyprom ресурсы хабарлады.

Еnergyprom дерегінше, шілде айынының өзінде жаңа пәтер — 0,5, ал бір жылда — 19,6% қымбаттаған. Екінші нарықтағы баспана бағасы бір айда — 0,8, бір жыл ішінде — 26,4% өскен.

Жалдамалы пәтер бағасының өсімі айына — 0,4% құрап отыр. Ал өткен жылдан бері бұл баға — 20,8%-ке көтерілді.

Сарапшылардың пікірінше, баспана құнының қымбаттауына жанама факторлар әсер етіп отыр. Мәселен, тұрғын үйге қызмет көрсету және жөндеу секторындағы қызметтер бір жылда — 15,3, құрылыс материалдары — 20,5% өскен. Бұл орайда импортқа тәуелділік жағдайды күрделендіріп отыр.

Пәтер жалдауға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда биыл үш есе артқан. Бұл — Ресей мен Украинадан көп келіп жатқан адамдар санына байланысты. Олардың басым бөлігі Алматыда қалса, кейбірі Ресейге жақын орналасқан қалаларға қоныстануда. Аталған фактор тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне әсер етіп отыр.

Сонымен қатар маусым-шілде аралығында доллар бағамы көтеріліп, бір жылда теңге 11,6% арзандады. Доллардың орташа айлық өсімі — 7,6%. Сондықтан ұлттық валютаның құнсыздануы – баспана нарығындағы бағаға жанама әсер етуі мүмкін.