«ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтодор» бірікті

Қазіргі екі компанияны біріктіру туралы үкімет қаулысының жобасын әзірленді. Оған сәйкес, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Қазақавтодор» ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алады. 

Ал ұлттық компанияның өзі бірыңғай автожол операторы болып қайта құрылады.

Қолға алынған шаралар республикалық маңызы бар жолдарды тәулік бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізбек, — делінген ресми хабарламада.

Екі компания біріктіргеннен кейін облыстық филиалдарының әкімшілік-басқару персоналы қысқартылады.

Айта кетейік, шілдеде өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтодорды» біріктіруге тапсырма берген болатын.

Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді, – деді президент.